Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және делдалдық схемалардың негізсіз қалыптасуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия кезекті көшпелі отырысын «Қызылорда Оптомаркет» сауда үйінде өткізді.

Көшпелі отырыс барысында комиссия мүшелері сауда нысанындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына, сапасына, қордағы көлеміне және өнім жеткізушілермен жүргізіліп жатқан жұмыстарға талдау жасады. Сондай-ақ, сауда орындарындағы баға белгілеу тетіктері қаралып, өнімнің тұтынушыға жету жолындағы аралық буындардың қызметі зерделенді.

Комиссия мүшелері кәсіпкерлік субъектілерімен кездесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу, сауда үстемесін белгіленген талаптар шегінде сақтау және қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бүгінде «Қызылорда Оптомаркет» сауда үйі өңірлік тұрақтандыру қорымен әріптестік байланыс орнатып, халыққа қажетті азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну бағытында бірлескен жұмыстар атқаруда. Бұл өз кезегінде нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және тұрғындарды сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Отырыс барысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ассортиментін кеңейту, жергілікті өндірушілермен тікелей жұмыс көлемін арттыру және өнімдерді делдалсыз жеткізу тетіктерін жетілдіру мәселелері де талқыланды. Комиссия мүшелері бағаның негізсіз қымбаттауына әсер ететін факторларды азайту үшін өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып алу тәжірибесін кеңейту жөнінде ұсыныстар берді.

Көшпелі мониторинг жұмыстары бұдан кейін өңірдегі ірі сауда желілері – «Magnum» және «Small» сауда орталықтарында жалғасты. Мұнда комиссия мүшелері отандық өнім өндірушілерді қолдау мақсатында сауда сөрелерінде орналастырылған «Қазақстанда жасалған» ірімшік өнімдерінің ұсынылу тәртібін зерделеді. Атап айтқанда, отандық өнімдердің сауда алаңдарында көрнекі орналасуы, тұтынушыларға қолжетімділігі және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Мамандар жергілікті және отандық өнімдерді кеңінен насихаттау ішкі нарықты дамытуға, өңірлік кәсіпкерлікті қолдауға және импортқа тәуелділікті төмендетуге оң әсер ететінін атап өтті.

Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, өнім сапасын бақылау және делдалдық тізбектерді қысқарту бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындарды қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Комиссияның кезекті көшпелі отырыстары алдағы уақытта облыстың басқа да сауда нысандарында жалғасып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен қолжетімділігіне тұрақты мониторинг жүргізілетін болады.

Тағы да оқыңыз: