Kyzylorda-news.kz  Көктем келіп, көкөніске ауыз жаритын күн туды десек те бақша өнімдерінің бағасы түсер емес. Несін жасырамыз, қазір қияр мен қызанақ келісінің құны 650-850, алма 600, картоп 160, орамжапырақ 180-200, сәбіз 200 теңгеге жеткен. Бір қызығы, Өзбекстанның қияры мен қызанағы, Қытайдың алмасы, Марокконың мандарині мен Африканың бананы дүкен сөрелерінде самсап тұр. Бағалары да арзан емес. Бірақ жергілікті өнім жоқ. Жері шұрайлы, ауа-райы қолайлы аграрлы аймақ бола тұра бұл мәселеде неге өзгеге тәуелдіміз? Осы аталған өнімдердің барлығы өзімізде де бар. Осы сұрақтар төңірегінде зерделеп көрген едік.

Кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындарының әрбіріне арнайы бас сұғып, азық-түлік бағасын саралап көрдік. Қымбатшылық көзге ұрып тұр. Әсіресе жеміс-жидектердің бағасы күрт өскен. Удай бағаны ұстап тұр. Бір қызығы, әр сауда нүктесінде баға әртүрлі. Мәселен, кенттегі орталық базарда құлпынайдың келісі 1300, кейбір жерде 1100, қияр 550-700 теңгенің аралығы. Ал, базар сыртындағы көтерме орында құлпынайдың келісі 800 теңге, қиярдың келісі 400 теңге. Сонда деймін-ау, әр сауда нүктесінің арасы таяқ тастам жер. Бірақ көкөніс бағасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Кент тұрғыны Айжан Мансұрованың сөзіне құлақ түрсек:

– Қалтама 20 000 мың теңге салып келіп едім. Екі қалта ғана көкөніс алып шығып келемін. Барлығы қымбаттап кеткен. Үйіміздің айналасындағы дүкендерде баға тіпті бөлек, мына жердегіден 2-3 есе қосып сатады. Мынадай баға жұқа қалтаны жұқ көрер емес. Айлықтанайлыққа әзер жетіп отырмыз, – деп ойын ашық айтты.

Осы тұста айта кетейік, ауданға тауардың көбі көрші аймақтардан келеді. Жолақының қымбаттығы, жанар-жағармайдың тұрақсыздығы базардағы тауар құнының өсуіне әкеліп соғады. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әртүрлі жағдайлар себеп болып отыр, дейді мамандар. Мысалы, ұнның қымбаттауы азықтүліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отыр және Ресейдегі бағаның көтерілуінен деп топшылайды. Дегенмен елімізде ұн бағасының көтерілуі ақылға сыймайтын жайт. Себебі дәл қазір біздегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есе жоғары екені баршаға белгілі. Онымен қоса, әлемдік ұн нарығында алдыңғы орында тұрмыз. Жылдағы баға тұрақты екен. Алайда өзімізден шығатын өнімнің жоқтығы нарықтың тұрақсыздығына алып келуде. Алыпсатарларды көбіне базар маңынан кездестіресіз. Таң азанымен өнімін арқалай келген еңбекшінің бірінші тұтынушысы да осы азаматтар. Диқан еңбегін арзан бағалап алғанымен, өздері екі-үш есе қымбат сатады. Бірақ мұнысын мойындамайды. Азық-түлік бағасын осынша шарықтатып, қымбатшылықты қолдан жасап отырған кәдімгі алыпсатарлар. Бұл – қоғамның пікірі.
Күн жылынып, жерге көк шыққаннан кетпендерін арқалап жер анадан ризықтарын теріп отырған дала еңбеккерлерінің бірі Нұржан Қалмырзаевтың пікіріне құлақ салып көрелік:

– Шынымды айтсам, соңғы он жылдан бері қарбыз егемін. Ала жаздай еңбектенеміз, уақыты келіп, пісіп тұрған өнімді өткізуге келгенде қиналатынымыз бар. Өйткені ұзақ сақтап отыра алмайсың. Дер кезінде өткізіп жібермесең, еңбектің бәрі бос кетеді. Өз басым еккен қарбызды базарға апарып сатқан емеспін. Бізге саудагерлер өздері келіп алып кетеді. Әлбетте, бізден 80-90 теңгеге, кейде 50-60 теңгеге сұрайды. Бағаны удай қымбаттатып, халықты қинайтын алыпсатарлар болмаса, жерлестерімізді арзан қарбыз-қауынға қарқ ететін жағдай бар. Өкінішке қарай, арадағы делдалдардың әрекетінен өндіруші мен тұтынушы зардап шегеді, – деген ойын жеткізді.

Алыпсатарлар көкөніс тауарларын үлкен көлемде сатып алады да, қымбатқа қайта сатар қолайлы сәтті күтеді. Сайып келгенде, базардағы бағаны белгілейтін осындай жандар. Ауыл қазағының сауда жасап тұратын уақыты да, оған икемі де жоқ. Биылғы өнімді жинап болған соң келер жылдың қамына кіріседі. Сонда күрек-сүймен ұстамай-ақ өзгенің еңбегімен байып жүргендерге бақылау болмағаны ма? Мемлекет басшысы алқапта өскен өнімнің сауда сөрелеріне тікелей жетуі тиістігін тапсырды. Сол талаптың жергілікті жерде орындалуына кім жауапты? Түптеп келгенде, алыпсатарлардың жолын кесу мүмкін емес. Нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпес пе еді?
Кент дүкендерін көп жылдан бері көтерме бағадағы өніммен қамтамасыз етіп келе жатқан Самат есімді кәсіпкер.

– Күзден көктемге дейін шетелден келген өнімді пайдаланамыз. Одан кейін жылыжайдың өнімдері шығады. Бірақ тиімді қолданбаймыз. Өйткені нақты мониторинг жасалмайды. Айталық, алдыңғы жылдары диқандар жаппай пияз екті. Себебі сол жылы пияз қымбат болды. Келесі жылы пияз арзандап кетті де, ақыр соңы оның қаншасы жарамсыз болып қалды. Өйткені әр аймақ бойынша саралау, зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Өнімнің қандай түрін және қай уақытта егу керегі жоспарланбайды. Не көп сол өнім арзан болады да, тапшы нәрсе қымбаттайды. Меніңше, алдын ала нақты мониторинг жасалып, есеп жүргізілетін болса, базар бағасы мұнша құбылмас еді. Сонымен қатар өзіміздің халыққа жетпей жатқанда сыртқа экспорттауды тоқтатса, баға тұрақтылығына да әсер еткен болар еді, – дейді.

Бұл мәселе Үкімет отырысында да қаралды. Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берген еді. – Нарықта халық тұтынатын тауарлардың қоры жеткілікті болуы қажет. Өткен жылдан бері көкөніс өсіруші шаруашылықтарды алдын-ала 70 пайыз қаржыландырып, форвардтық келісім-шарт жасау тәжірибеге енгізілді. Енгізілген өзгерістерден және жүргізілген тауар интервенциясынан кейін көкөніс бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама төмен. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы қажет. Бірақ базар бағасы әртүрлі. Ортадағы делдалдар өнімге бағаны асыра қойып жатады, – деп тиісті сала мамандарына қадағалауды тапсырды. Президент ҚасымЖомарт Тоқаев Жетісуға барған сапарында: «Далада 30 теңгеден қазып алынып жатқан картоп дүкенде неге 150 теңгеге сатылуда?

Бауларда 150 теңгеден сатылатын алма неге 750 теңгеге бірақ көтеріледі? Халықты неге қинап жатырсыңдар? Мәселені тез арада шешіңдер!» – деген сөзі көптің есінде. Өз өніміміздің өрісін қалай өркендетеміз? Бұл ретте елді толықтай отандық өніммен қамтамасыз етіп отырған елдердің тәжірибесіне сүйенсек. Түркияның дүкен сөрелеріндегі әрбір тауарда «жергілікті өнім» немесе «шетелдік тауар» деген таңба болады екен. Олардың дүкен сөрелеріндегі тауарлардың кем дегенде 51 пайызы отандық тауарды құрайды. Кей жерлерде бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін барады. Халықтың жергілікті өнімдерге сұранысы жоғары. Түркияда «түрік жұрты үшін – түрік тауары» деген түсінік қалыптасқан. Жергілікті тауарлардың сапасы өте жоғары әрі бағасы қолжетімді. Сондықтан тұтынушылар басқа елдің тауарларын қажет етпейді. Халықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуде әлеуетіміз жеткілікті. Бірақ немқұрайлылық пен бейқамдық өндірістің өрістеуіне қолбайлау болып отырған секілді. Ішкі нарықта қалыптасқан жағдайды жадымыздан шығарып алған сияқтымыз. Кейде бәсекеге қабілетті тауар шығаруға қауқарлы бола тұра, өз өндірушілеріміздің өнімі өтпейтін жағдайлар болып жатады. Өйткені біз әлі де бір реттік қолданысқа арналған қытайдың жылтырақ тауарына жалтақтаймыз. Оның үстіне, біздің жергілікті өнім халыққа толық жетпегендіктен, экспорт көлемі күн санап артуда.
Сөзіміздің дәлелі ретінде аудан орталығындағы «Нұр» орталық базары, «Береке», «Ғани», «Нұрасыл», «Айсара ана», «Қарабура» және «Сырдария» сауда орталығындағы көкөністің көбі Қытайдан, Өзбекстаннан əкелінеді. Содан болар, нарық бағасы әртүрлі. Егер жергілікті диқандарға қолдау көрсетіліп, жұмыстары жүйеленсе, нарық бағамына да оң әсер етіп, қарапайым қарашаның қалтасына салмақ аз түсер еді-ау. Осы тұста, жаңақорғандық шаруалардың жайкүйін бағдарлап көрдік. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде 5 жылыжай бар.

Соның бірі Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қожалықтың қарқыны қуатты. Көктөбе аумағында орналасқан жылыжай кешенінің иесін әңгімеге тарттық.

– 2010 жылдан бері осы диқаншылықпен айналысып жатырмыз. Көлемі 0,7 гектар аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Қазір тек қиярды егеміз. Өйткені қызанаққа сұраныс өте аз әрі шығыны көп. Қазір тек қана қияр өсіріп жатырмыз. Біздің бақта барлық жеміс бар. Алма, алмұрт, қияр, анар, тағысын тағы. Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ аудан орталығында да ара-тұра келісім бойынша өткіземіз. Көбіне өзге аймақтардан арнайы келіп, өздері тиеп алып кетеді. Өйткені олар таза табиғи өнім екеніне көздері жетті. Ал аудан тұрғындары сырттан көтерме бағада әкеліп сатып жатады. Қытайдан, Польшадан беті жып-жылтыр, құрт түспейтін, неше күн сақтасаң да шірімейтін, ірімейтін пластмасса алмаларды әкеледі. Қанша уақыт тұрса да, реңі өзгермейтінін біледі. Сөреде жылтырап тұра береді. Дей тұрғанымен, шетелден тасылған жеміс-жидектің адам ағзасына пайдасынан зияны мол. Химиямен өскендіктен, өзіндік құны төмен. Бірақ оған саудагерлер бас қатырып жатқан жоқ. Бастысы, шығынданып қалмаса болғаны. Негізі бізге субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Аудандағы шығынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-маз қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді, – дейді бағбан.

Кәсіпкер жыл сайын 30 тоннадан аса қияр жинап, нарыққа шығарады екен. Қазір Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныс көп екенін тілге тиек етті. Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады кәсіпкер. Расында, бір жылыжай салу үшін қыруар қаржы қажет. Құрылысынан бөлек, суару жүйесі, еңбеккерлер ақысы, тыңайтқыштар бағасы қалтаға едәуір ауыр салмағын салады. Сондықтан болар, көп кәсіпкерлер жылыжайын жабуға мәжбүр. Оның бір ғана себебі, шаруақожалық өзінің шығынын өтемеген. Мойындау керек, сырттан арзан әрі сапалы тауар ағыны артқанда бұқараның соған ұмтылары анық. Бұл тұрғыда импортты ырықтандырудың жалғыз жолы бар. Ол отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерді әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Яғни, Президент айтқан «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана тауар өтімді болып, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды.

Осы ретте «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтің ойын білдік.

 – Бүгінде біздің ауданның өндірісі жақсы. Аудан тұрғындары өзіміздің жергілікті күрішті тұтынады. Жылыжайды дамытып, кәсіптің көзіне айналдырып отырған шаруалар да бар. Біздің кәсіпкерлік палатадан қолдау тауып, ісін дамытып жатқандар бар. Бірақ толыққанды ауданды қамтамасыз ете алмай отыр. Оның үстіне Ташкенттің жылыжайында дәрімен өскен қияр, қызанақтар жалтырап, көзге әдемі көрінеді.

Қарапайым халық кез келген өнімнің сапасын бағалап үйренбеген. Осы тұста айтқым келеді, халықты өз өнімдерімізді алуға үгіттеп, кеңінен насихаттауымыз керек. Біздің ауданда халыққа керекті тауарлар жеткілікті. Мәселен, кәсіпкерлер дайын өнімді сырттан тасымалдаудан гөрі өндірісті қолға ала бастады. Құрылысқа қажетті ішкі әрлеу жұмыстарына керекті желімдер, шлакоблок, бардер, брусшатка, газаблок, полистререлблок, бетон шығару қарқынды жұмыс жасап жатыр. Мысалы, кір сабын шығаруға ниеттенген азаматқа мемлекеттік грант алуға мүмкіндік беріп едік, қазір сауда орындарында сұранысқа ие. Сапасы да, бағасы да өте жақсы. Аудан халқы осындай жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шеттен келген тауарды емес, өз өнімдерімізді қолданса, кәсіпкерлердің де өрісі кеңейер еді. Қазір мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған, түрлі бағдарламалар қарастырылған. Адамда тек ниет болса болғаны, – дейді ол.

Әсел РЗАЕВА
 

Тағы да оқыңыз: