Kyzylorda-news.kz. «ҚХП» Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ажырасу – қоғам дерті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Келелі басқосуға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жанар Ахетова, «АХАТ» басқарма басшысы Ботакөз Идрисова, «Анаға тағзым» орталығының жоғары білімді әдіскері Салима Мәлімова, психолог Аруна Ергеш, облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Жеңісбек Дәрібаев, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының психологі Айсұлу Нұрманбаева, сондай-ақ партия белсенділері қатысты.
Өкініштісі сол, жыл өткен сайын елімізде шайқалған шаңырақтың саны артуда. Бүгінде ажырасудың жиілеп бара жатқаны қарапайым халықпен қатар құзырлы органдарды да алаңдата бастады. Жалпы қазақта ажырасу неге көбейді? Отбасын тұрақтандырудың жолы қандай? осы және өзгеде сұрақтарға байланысты арнайы мамандар не дейді? Партия тарапынан көтерілген бұл мәселе дөңгелек үстел барысында жан-жақты талқыланып, арнайы мамандар өз ойын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
Қазақ халқы жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған елміз. Бұрын қандай қиын-қыстау заман болса да ажырасу деген ұғым мүлдем жоқ болды. Ал қазір әлем бойынша алдыңғы бестікте тұрмыз. Бұл көрсеткіш осылай кете берсе, қазақ халқының болашағына кері әсер етуі мүмкін. Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін бақытты ұрпақ тәрбиелеу керек. Сол үшін бірлігі жарасқан, тату-тәтті отбасын қалыптастыру – басты міндет. Әрине, бәрі де айтуға оңай. Десе де отбасы беріктігі – мемлекет байлығы. Сондықтан әрбір адам шаңырағын шайқалтпай ұстауға жіті мән бергені жөн. Өкінішке орай, бүгінде әлеуметтік желідегі ажырасқан жұлдыздардың өмірі сананы әбден улауда. Оның орнына ұзақ жылдар бойы бірге ғибратты ғұмыр кешкен отбасы, 10-15 баланы дүниеге әкелген «Батыр» ана жайында неге насихаттамасқа? Қандай қиындық болсын мойымай, жұмыспен қатар нәрестені де дүниеге әкелген көпбалалы аналар жетерлік. Соларды неге насихаттап, үлгі етпеске, – деді партия белсендісі Талғат Телеубаев.
Бүгінгі кездесу барысында осыған дейін елімізде ажырасудың себеп-салдары зерттелмегені белгілі болды. Осы мәселені қолға алып, ажырасудың түп-төркіні қайдан, қалай шығып жатқанын анықтау керек екені баса айтылды.
Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап, «АХАТ» саласы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының құрамына кірді. Біздің өңірде жыл басынан бері осы кезге дейін 3500 неке қию болса, 403 неке бұзу тіркелген. АХАТ басқармасының мамандары заңға сәйкес екі жастың шешімін құрметтеуге міндетті. Сондықтан бұл жерде неке бұзылуының себептері зерттелмейді. Сол үшін ажырасудың себеп-салдарын анықтайтын, зерттейтін арнайы ұйымдар болғаны дұрыс, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жанар Ахетова.
Сонымен қатар елімізде отбасы иниституты және оның құндылықтары мен ұлттық тәрбиені күшейту мәселесі де қозғалды. Себебі отбасы институты елдің жүгін көтере алатын, халыққа пайдалы болатындай деңгейде болуы маңызды. Сондай-ақ үйленбестен бұрын жастарға отбасыға қатысты арнайы курстардан өтуді міндеттеу қажеттілі сөз болды.