Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары Мақсұт Нәлібаев партия алаңында азаматтарды жеке қабылдады.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Ә.Қоңыратбаев көшесінің тұрғындары аталған көшеде көлік қозғалысының артуына байланысты қауіпсіздік мәселесін көтерді. Тұрғындар жол қозғалысын реттеу, түнгі жарық шамдарын орнату және қазба жұмыстарынан кейін қайта қалпына келтірілмеген асфальт мәселесін шешуді сұрады. Өз кезегінде бұл мәселе бойынша қосымша зерттеу жүргізіліп, тиісті мекемелерге жазбаша өтініш жолдау ұсынылды. Сонымен қатар, қала әкімдігі мен әкімшілік полиция қызметімен бірлесіп жұмыс жасалатыны түсіндірілді.
Сондай-ақ, Талсуат ауылдық округінің тұрғындары елді мекенде ауыз су мен табиғи газдың жоқтығы күнделікті тұрмысқа айтарлықтай қиындық туғызатынын жеткізді. Осыған байланысты орталықтандырылған ауыз су жүйесімен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Жауап ретінде аталған мәселе толық зерделеуді қажет ететіні айтылып, тұрғындарға қала әкімінің қабылдауына кіру ұсынылды.
Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, олардың шешілуі бақылауда болатыны айтылды.
