Kyzylorda-news.kz. 1-3 желтоқсан аралығында Астанада өткен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты республикалық конференцияда Жалағаш ауданының «Наркескен» спорт клубының Бұқарбай батыр ауылындағы спорт нұсқаушысы Азамат Зәуребаев «2022 жылғы ең үздік спорт нұсқаушысы» номинациясымен марапатталды.

Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу әдістемелік және талдау орталығының ұйымдастыруымен бірінші рет өткен конференцияда спорт нұсқаушысына бұл номинацияны сала министрі Дәурен Абаев табыстады.

Азамат Зәуребаев енңбек ететін Бұқарбай батыр ауылдық округте 6 жастан зейнет жасына дейін 180 адам бұқаралық спортты өзіне серік етеді. Осы елді мекеннен шыққан саңлақтар аудан, облыс, қалаберді ел мерейін үстем етуде бірнеше жетістікке жеткен. Бірақ мұның бәрінде Азамат Зәуребаевтың қолтаңбасы барын ешкім жоққа шығара алмайды.

Азамат Зәуребаев аталған ауылда «Наркескен» спорт клубының 2014 жылдан бері спорт нұсқаушысы болып жұмыс жасап келеді. Сол уақыттан бері ол қаншама спорт түрінен команда шығарды, жекелеген спортшылар дайындады. Бастысы, бүгінде командалық сайыста да үлкен додаларда ауданның мерейін үстем еткен Бұқарбай батырлық спортшылар жетіп артылады.

«Еңбек еленіп жатса, қай саланың өкіліне де бұл шабыт болары анық. Бүгін соған тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмын. Министрдің қолынан үздік нұсқаушы деген номинацияны алып отырмын. Әрине салада еткен азды-көпті еңбегімді көріп, бұл марапатқа мені лайық деп тапқан шығар. Бірақ мен бұл атаққа тоқмейілсіп қалмаймын. Керісінше бұл менің алдағы жұмысыма шабыт береді. Кешегі жиын тек сала саңлақтарын маратпаттаумен шектелген жоқ. Келелі басқосуда Ел спортын әлі де ширатуға не кедергі, осы сауалдың түйіні тарқатылып, бірқатар мәселе ой елегінен өтті. Мәселен, жарыстарға спортшы алып баруда спорт нұсқаушылардың басты мәселесіне айналған көлік мәселесі де кеңесте көтерілді. Мұнан бөлек спорт нұсқаушылардың жалақысының төмендігі де тілге тиек етілді. Конференция өте жоғары деңгейде өтті. Саладағы мәселелер сарапқа салынатын осындай жиындардың арқасында бірқатар кедергілер жойылады деп ойлаймын. Ауылда спорт саласының дамуы жаман емес. Бұл жолда шама-шарқымызша жұмыс жасап келеміз. Бастысы, жүйелі жұмысымыз жемісін беріп жатыр. Әлі де бұл саланың серпін алуы жолында аянып қалмаймын», – дейді Азамат Зәуребаев.

Азаматтың Зәуребаев – негізінен гір спортынан облыс чемпионы. Шәкірттерінің бірі Ислам Мәжиев – аталған спорт түрінен ҚР біріншілігінің қола жүлдегері және Азияның күміс жүлдегері.

Бұқарбай батыр атындағы ауылда Азамат Зәуребаев жасақтаған команда былтыр мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спартакиадада жүзуден көш бастады. Дәл осы спартакиадада мылтық атудан ауыл командасы 1 рет чемпион атанса, 4 мәрте жүлделі орындарға ие болды. Ал көкпар, жалпы ұлттық спорттың түрлері бұл ауылда жоғыры деңгейде дамыған. Қазалыда өткен ауыл спортшыларының спартакиадасына барған аудан құрамасының басым бөлігін осы Бұқарбай батырлық шабандоздар құрап отыр және олар аталған ұлттық спорт түрінен күміс жүлдені қоржынға салды. Облыстық спартакиадада шахматтан қарсылас шақ келтірмеген Гаухар Жұмабаева да үздік нұсқаушының шәкірті. 
 

1.jpg

2.jpg

Тағы да оқыңыз: