Kyzylorda-news.kz. Сырдариялық Азамат Боқанов – жас та болса ақ халатты абзал жан атанған білікті дәрігер. Бүгінде білімін шыңдау мақсатында резиндентурада оқып, әрі көпсалалы Ақтөбе облыстық ауруханада травматология бөлімінде жұмыс істеп жүрген жерлесімізбен сұқбат жүргізген едік.
– Азамат, өзіңнің туып өскен жерің – қасиетті Сыр елі, ұлы өзенмен аттас Сырдария ауданы екенін білеміз. Туған ел, жер туралы әңгіме басын бастасақ...
– Дүние есігін ашып, кіндік қаным тамған жер жайлы әркез толғанып, оның қасиетін қай жерде жүрсем де жүрегімнің түкпірімен сезініп жүремін. Себебі өзім секілді замандастарыммен бірге тәуелсіздіктің таңы атқан шақта, яғни 1991 жылы дүниеге келіп, Тереңөзектегі қасиетті қарашаңырақ №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейден білім мен тәрбие алғаным, ұстаздарымның еңбегін еш кетірмеуді мақсат етіп, өмірдің жаңа белесін бағындыруға қадам басқаным күні кешегідей көз алдымда. Алғаш әріп танытқан Сәрсен Құдайбергенова апай мен жоғарғы сыныптағы ұстазым Айнұр Көшенова апайдың өлшеусіз еңбегін, жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырғанын қалай ұмытасың?! Балалықпен жасаған қателіктерімізді кешіріп, бәріміздің бір-бір мамандық иесі атануымызға себепкер болған ардақты ұстаздардың алдында мәңгі шәкірт екенімді ұғынамын. Оқушы кезімнен бастап оқуға ынтамды, ықыласымды арттырған барлық ұстаздарым, әсіресе биология пәнінің мұғалімі Мира Момбаева дәрігер мамандығын таңдауыма себепкер болды десем артық айтқандық болмас.
– Дәрігер болуды бала кезіңнен армандағанын белгілі болды. Медицинаның грантына қол жеткізу оңай емес. Сені мақсатыңа жетелеген қандай қасиет?
– 11 сынып оқып жүрген кезімде ең алғаш байқау тест тапсырдық, сонда төмен балл алып, қатты ұялдым. Ол кезде тест туралы дұрыс түсінік болмағандықтан болар, әлде бірінші рет тапсырған соң ба нәтижесі көңіл көншітпеді. Ең қиыны, бұл жайлы ата-анаға айту болатын. Сол күні кешкісін әкем «Иә, балам, қанша балл алдың?» деді. Мен болсам «Аз, осынша алдым» дедім. Әкем ойланып отырып «Оқысаң өзің түсесің, болмаса ауылда ауыл шаруашылығымен айналысасың» деп бір-ақ қайырды. Сол кезде алдыма үлкен мақсат қойдым. Ол – медицина болды. Дайындығымды күн-түн демей жүргізе бердім. Еңбегім еш кетпей, Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетіне грантқа оқуға түстім. Қатты қуанғаным, әсіресе анашымның қуанғаны әлі есімнен кетпейді. Әкемнің сонда айтқаны «Жігіт екі нәрседен қателеспеу керек, біріншісі – жар таңдаудан, екіншісі – мамандық таңдаудан, балам өзің таңдаған оқуға түстің, қателеспеген болсаң, сол оқуды ойдағыдай оқып, үлкен дәрігер бол» деп ақ батасын берді. Арманға деген бірінші қадам сәтті болып, осы оқу орнын 2014 жылы «бакалавр» дәрежесі бойынша бітіріп, бала кезімдегі арманым хирургия мамандығымен интернатураға түстім. Екі жылдан соң интернатураны бітіріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды Қызылорда қаласындағы 2-қалалық емханада хирург болып бастадым. Қосымша қалалық ауруханада тәжірибе жинақтау үшін кезекші дәрігерлікті де атқардым.
– Хирург – ер азаматтың қолы. Алтын қолды дәрігер қателікті кешірмейді. Батылдық та, салқынқандылық та осы мамандыққа қажет қасиет болар?
– Иә, кез келген жағдайға дайын болуың керек. Әлжуаздық пен қорқақтықты мамандығымыз көтермейді. Алдымен салқынқандылық пен өз-өзіңе деген сенімділік қажет. Осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдағандықтан, Гиппократ антына адал болу – шарт. Алладан кейін, дәрігерден үміт күтетін адамдардың сенімін ақтауың қажет. Барыңды салатын кез келгенде, санаулы минуттар жүріп жатқанда алдыңда бір ғана мақсат болады, ол – науқастың өмірін ажалдан арашалап қалу. Мұндай жағдаймен кездескенде және қолыңнан бәрі келетініне көзің жеткенде, адамға қуаныш сыйлағаннан артық бақыт жоқ шығар, сірә! Жұмысыңның нәтижесін көргенде бар шаршағаның ұмыт болып кетеді. Бір адамның болса да өмірін сақтап қалғаның саған одан сайын зор жауапкершілік жүктейді.
Осындай сенім мен мақсат, менің тәжірибемнің жинақталуына туған жердің қасиетті топырағы да әсер еткен болар. Сыртта жүріп оқып, маман атануыма ең алдымен ата-анамның берген тәрбиесі мен ұстаздарымның сенімі болды. Туған елімде аз ғана уақыт еңбек етсем де, көргені мен тәжірибесі мол, өз ісінің шеберлерімен бірге жұмыс жасадым.
– Алғашқы еңбек жолыңның жалғасы ретінде әскери госпитальда еңбек жолын жалғасқанын білеміз. Әскери қызметтегі медицинаға қалай келдің?
– Жоғарғы оқу орнында оқыған кезімде әскери кафедрада оқып, медицина қызметінің лейтенанты деген шен алдым. Ауылдағы қызметте жүргенімде аудандық Қорғаныс бөлімінен әскерге шақырту келді. Содан Ақтөбе қаласының әскери госпиталіне хирургия бөлімшесінің аға ординаторы болып жаңа қызметке ауыстым. Қазіргі уақытта медицина қызметінің аға лейтенанты деген шенім бар. Отан алдындағы борышымды өтеп, өз жұмысымды атқаруға мүмкіндік берілді. Әскери тәртіпке бағыну, қызметіңе адал болу – міндетімнің бірі. Госпитальдағы әріптестерімнен медициналық манипуляцияларды, түрлі дәрежедегі ота жасауға машықтандым.
– Ең алғаш жасаған ота туралы айтсаң? Жалпы жұмысыңда өзіңе ерекше әсер еткен оқиғалар болды ма?
– Ең алғашқы отаны Қызылордада қызметте жүрге¬німде жасадым. Ол – Волковича-Дьяконова бойынша аппендэктомия. Сонан соң Мармар бойынша варикоцелэктомия, шап жарығы және кіндік жарығын қалпына келтіру, қатерсіз жаңа өспелерді алу сияқты оталар сәтті шықты.
Есте қалған оқиға – осыдан бірнеше жыл бұрын Арыс қаласында төтенше жағдай орын алды. Сол жағдайға байланысты мен Ақтөбе қаласы әскери госпиталінің мобильді далалық госпиталімен, яғни мобильді медициналық комплекспен іссапарда болдым. Зардап шеккен тұрғындардың жағдайын көзімізбен көріп, бейбіт күнде қиындыққа тап болған адамдармен бірге жанымыз қоса ауырды. Оларға медициналық көмек беріп, денсаулықтарын қалпына келтіруге көмектестік. Біздің қызметімізге разы болғандықтан болар, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Бас штабы Инженерлік әскерлері департаментінің бастығы, полковник Н.Конусов мені «Арыс қаласындағы жарылыс зардаптарын жою бойынша жауынгерлік тапсырманы орындау барысында кәсіби шеберлігі және әскери тәртібін жоғары деңгейде көрсеткені үшін» деген грамотамен марапаттады. Мен үшін бұл награда барлық мақтау мен марапаттан да артық деп санаймын.
– Алдыңа қойған мақсатың қандай, бос уақытыңда немен айналысасың?
– Алдыма қойған мақсатым – біліктілігімді арттыруға байланысты оқуымды аяқтау. Қазір резидентураның екінші жылын аяқтағалы тұрмын. Аман есен оқуымды аяқтаған соң тәжірибем де толысады және мықты хирург атануыма мүмкіндік туғызады.
Бос уақытымды көбіне ойда жүрген медициналық сұрақтардың шешімін іздеп, кітаптардан, әлеуметтік желіден жауабын табуға жұмсаймын. Үстел теннисі менің хоббиім десе де болады. Талай мәрте жүлдегер атанған кезім де болды. Уақыт тауып достарыммен футбол ойнағанды да ұнатамын.
– Соңғы сұрақ, отбасың туралы айтсаң?
– Отбасым туралы айтсам, 2016 жылы оқу бітіріп, дипломды қолға алып, ата-анам, бауырларым, туысқандар қуанып жүргенде, қуаныш үстіне қуаныш болсын деген ниетпен ауылға Орал қаласынан Әйгерім есімді келін алып келдім. Келіндеріңіз де дәрігер, педиатр. Отбасымызда сүйкімді қыздарымыз өсіп келеді. Айзере, Алина, Томирис – ата-әжелерінің көз-қуаныштары.