Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда зияткерлік меншік саласындағы маңызды мәселелердің бірі – авторлық құқықты қорғау. Шығармашылық еңбек нәтижесінде дүниеге келген әрбір туынды автордың білімі мен ізденісінің, таланты мен еңбегінің жемісі болып табылады. 

Сондықтан авторлардың құқықтарын сақтау және олардың еңбегін заңсыз пайдалануға жол бермеу қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі саналады. Авторлық құқық ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасаған тұлғалардың мүдделерін қорғауға бағытталған. Оған кітаптар, мақалалар, өлеңдер, музыкалық шығармалар, фотосуреттер, бейнематериалдар, суреттер, компьютерлік бағдарламалар және басқа да шығармашылық жұмыстар жатады.

Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы авторлық құқықты қорғау мәселесін одан әрі өзекті ете түсті. Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында өзгенің туындыларын автордың рұқсатынсыз жариялау, көшіру немесе коммерциялық мақсатта пайдалану жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекеттер автордың шығармашылық еңбегіне деген құрметтің төмендеуіне және оның заңды мүдделерінің бұзылуына әкелуі мүмкін.

Осы ретте авторлардың құқықтарын қорғауда цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану ерекше маңызға ие. Атап айтқанда, Copyright бағдарламасы авторлық құқық объектілеріне қатысты мәліметтерді электрондық форматта рәсімдеу және авторларға қолжетімді цифрлық қызметтерді пайдалану бағытында маңызды құрал болып табылады. Бұл жүйе шығармашылық туындыларға қатысты ақпаратты цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік беріп, авторлық құқық саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Авторлар мен құқық иеленушілер үшін мұндай цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану өз шығармашылық еңбектеріне қатысты мәліметтерді жүйелеуге және авторлық құқық мәселелері бойынша қажетті ақпарат алуға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Авторлық құқықты қорғау – тек автордың жеке мүддесін сақтау ғана емес, сонымен қатар шығармашылықты дамытуға, мәдени құндылықтарды қолдауға және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс.Әрбір азамат өзгенің еңбегіне құрметпен қарап, шығармашылық туындыларды пайдалануда жауапкершілік танытуы қажет. Себебі автордың еңбегін бағалау – зияткерлік меншікке деген құрметтің айқын көрінісі.

  Е.Тажикенов

Қызылорда облысының Әділет департаментінің

Зияткерлік меншік құқықтары

бөлімінің басшысы                  

        Фото: Freepik                             

Тағы да оқыңыз: