Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленді. Оған облыстық және аудандық маңызы бар 73 жоба енгізілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов мәлімдеді.
Жол картасы аясында 14 жоба жолдарды қайта жаңғыртуға, 36-сы күрделі және орташа жөндеуге, 23-і көпір өткелдерін салуға бағытталған. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен 7 ауданның орталықтары және елді мекендер көшелерін жөндеуден өткізу жұмыстары да қарастырылған. Нәтижесінде 2021 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесін 75%-ға жеткізу жоспарланған. Осы индикаторлық көрсеткішке жету мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 14 803,2 млн. теңге бөлінді.
“Осы қаражатқа ұзындығы 260 км құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8 812,5 млн. теңге бөлінді. Оған ұзындығы 216 км облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Айта кететін жағдай, жоғарыдағы облыстық бюджеттен бөлініп отырған қаражатпен республикалық бюджеттен осыған дейінгі 50-де 50 пайыздық негізде бөлінген қаражаттың бөлінісін толықтай жауып отырмыз. 34 жобаға 8 466,0 млн. теңге бөлінді. Бұл объектілердің барлығы 2021 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жыл көлемінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қосымша қаражат тарту жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі күнге 7,4 млрд теңгені құрайтын 17 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, – деді басқарма басшысы.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылуда. Қызылорда қаласындағы С. Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейінгі (оң жағалау) ұзындығы 4 км құрайтын магистралды көшенің құрылысын аяқтау, Қызылорда қаласының сол жағалауындағы Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін бойлай салынатын (УАД салған жолдан бастау алатын) С. Бейбарыс көпіріне дейінгі магистралды көше (2км) құрылысы жұмыстары, Қызылорда қаласындағы (Эдельвейс) саяжай ауданының солжағалау бөлігінде магистралды көше құрылысын бастау (аэропортқа баратын жолға қосу, 1,1 км) жұмыстары.«Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 9 жобаға іске асырылуда. Яғни, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарының елді мекен көшелері жөнделеді. «Кіші қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 1 350,9 млн. теңге бөлінді. Арал мен Қазалы қалаларының көшелері асфальтталатын болады.
Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен сол жағалаудағы өзеннің қорғаныс бөгетін бойлай орналасқан магистралды көше құрылысы салынады, аймақта 558 шақырым құрайтын көшелер жөнделеді, Қазалыдағы Қарлан учаскесінде Сырдария өзеніне көпір салуға (ОБ-95 млн. тг) жобалау сметалық құжаттамасы әзірленді, биыл құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.