Kyzylorda-news.kz. Ораза – бес парыздың бірі. Мұны Құран Кәрімнің: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнің бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» – деген аятынан анық аңғарамыз. Бұл құлшылық, әрине, тек Алла тағаланың ризашылығы үшін ниет етіледі. «Ораза» сөзінің шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанша ас-судан тыйылуды ғана емес, күллі жат әрекеттерден, күнәдан аулақ болуды, мінез кемшіліктерінен төзімділікпен арыла білуді қамтиды.
Отыз күн Оразада ауыз бекітумен қатар, ауыз аштыру да, сауапты іс. Міне, осы ретте №5 ықшам ауданындағы «Әли-Муса» мешітінің жамағаттары мен жастарының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында Ораза ұстап, ауыз бекіткен жандарға арнап, «Әли-Муса» мешітінде ауызашар берді. Білікті де, білімді және діни сауатты «Әли-Муса» мешітінің имамы Бақытжан Қаниев басқаратын имандылық үйінің ұйымшыл, әрі ауызбіршілігі мол тақуа азаматтары жайған дастархан басында имандылық, адамгершілік, жастар тәрбиесі хақында салиқалы әңгімелер тиегі ағытылды. Сонымен қатар, Ораза айының қадір-қасиеті, ауызашар, пітір-садақа берудің маңызы мен сауабы туралы ойлар ортада қызу талқыланды.
Дастархан басында «Әли-Муса» мешітінің имамы Бақытжан Қаниев отыз күн Оразаның қадір-қасиеті туралы насихат-уағыз айтып, Құран оқыды. Он екі айдың сұлтаны – Рамазан айы Алла Тағаланың мейірім нұры жауатын, сабырлыққа шақыратын кешірім айы екеніне кеңінен тоқталды.
– Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» дегенде, сахабалардың біреуі бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндігі жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады», – деп жауап береді (Бәйһақи). Тағы бір хадисте: «Ауыз бекіткендер тамақ жеп отырған уақытта тойғанға дейін ауызашар берген адамға игілік тілеп тұрады» делінген. Міне, бұл хадистерден байқағанымыздай, ауызашарда дастарханның ас та төк болуы міндетті емес, әркім жағдайына қарай берсе болады. Ең бастысы – Алланың разылығын табу ниеті болса болғаны, – деді Бақытжан Қаниев.
Ауызашар беру өте үлкен сауап. Жолда кетіп бара жатып, кез-келген аузы берік адамға бір дана құрма берумен ауызашар беру сауабына қауышылады дегенді еске салған имам: Тағы бір хадис шәрифте: «Рамазанда бір қонаққа ауызашар берген адамға Сырат көпірінен өту оңай болады» делінді (У. Нәжат).
Сондықтан әсіресе аузы берік адамға ас беру – одан да үлкен сауап болады. Ораза тұтқан адамның сауабындай сауапқа қауышады, ораза тұтқан адамның сауабы кемімейді», – деп жиналғандарға пайдалы уағыз айтты.
Ауызашар асының соңынан ақсақалдар игілікті іске ұйытқы болған №5 ықшам ауданының жамағатына алғыстарын айтып, дастарханға бата берді.