Kyzylorda-news.kz Қасиетті топырағымыз саналы ұрпақ пен саялы азаматтарға кенде емес. Десе де, олардың әрбірінің қоғамнан ойып алар өз орыны, ерекшелігі бар. Бірі – өнер саласында құлашын кеңге жайса, бірі – ғылым-біліммен өмірін сабақтастырған. Келесі бірі еңбек жолын ел басқару ісіне арнап, оның дамуына қомақты үлесін қосып жүрсе, бір азаматтарымыз Отан қорғау ісінде адалдығымен көзге түсуде. Солардың қатарынан ауданның ғана емес, Сыр елінің мақтанышына айналған арда азамат Бақыт Құрманбаевтың есімін құрметпен атаған болар едік.
Бақыт Жанұзақұлы бала кезінен ілім-білімге қанық өсті. Ата-анасы мен мектептегі ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесі оған құт болып қонды. Сол кішкене күнінен-ақ тазалық пен тәртіпті жанына серік етіп ер жетті.
Болашақ генерал 1970 жылы Өскемен қаласында дүниеге келді. Жосалы кенті орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінен орта білім алды. Алғашқы еңбек жолы сол мектеп бітірген жылы ДЭУ-228 мекемесінде жұмысшылықтан басталған. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін тәмамдап, осы жылдар аралығында Алматыда орта мектептердің бірінде физика пәні мұғалімі болып, балаларды білім нәрімен сусындатты. 2005 жылы Ресей Федерациясы Құрлық әскерлері әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери академиясында білім алса, 2008 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы Әскери академиясының Жоғары академиялық курсын бітіріп шығады. Әскери салаға өмірін арнаған жас азаматтың қызмет жолы Ұшыру қондырғысы взводының командирі, зениттік зымыран батареясының командирі, зениттік зымыран полкі командирінің қару-жарақ бойынша орынбасары – техникалық бөлімнің бастығы лауазымымен жалғасады.
Бақыт Құрманбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет атқарған кезінде әріптестерінен жоғары кәсіби шеберлігімен және ауқымды да іскерлік тәжірибесімен ерекшелене білді. Әскери салада қондырғыларды қосу взводының, зениттік-зымыран батареясының командирінен бастап әр жылдары Әскери•академияның тыңдарманы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің штабтар басшыларының комитеті Департаментінің аға офицері, бөлім, басқарма бастығы секілді қызмет жолдарынан өтті. 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының инспекторы, 2010-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Департамент бастығының орынбасары, бастығы қызметтерінде болды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі лауазымын абыроймен атқарды. Оның әскери саладағы елге сіңірген ерен еңбегі ескеріліп, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оған «Генерал-майор» әскери атағы берілді.
Әскери саланы біркісідей жетік білетін жерлесіміз 2019 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қорғаныс өнеркәсіп кешені мен өзара іс-қимыл жасау, қару-жарақ және әскери техника, сондай-ақ тылдық және медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етіп, бұл жұмыстарды зор жауапкершілікпен атқарды.
«Ер жігіт қиыншылықта сыналады» дегендей, Бақыт бауырымыз Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарын жоюда айтарлықтай үлес қосып, төтеннен келген пандемиямен күрес кезеңінің алғашқы күндерінен бастап коронавирустың таралуына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге белсенді атсалысты.
Бақыт Құрманбаев қызмет атқарған кезеңдерде II-дәрежелі «Айбын» және «Данқ» ордендерімен, бірқатар медальмен марапатталды.
Ол өзі таңдаған мамандықтың білгір маманы болумен қатар, отбасында асқар тау әке, адал жар болды. Жары Роза Жамбылқызымен Руслан, Диана есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінде Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында адал қызмет етіп жүр. Немерелері Эмир, Демир ер жетіп, өсіп келеді.
Бақыт Жанұзақұлы небәрі 50 жасында, яғни 2020 жылы мезгілсіз өмірден өтті. Оның еліне бергенінен берері көп болатын. Амал қанша? Асыл ер, арда азаматтың есімі жерлестерінің есінде ұзаққа сақталмақ.