Kyzylorda-news.kz Астанада Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі Республикалық кеңестің отырысы өтті. 

Отырыста бюджеттің IV деңгейін дамыту, ауылдық округтердің қаржылық дербестігін күшейту және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.

Талқылау жұмысына партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, Кеңес мүшелері және партияның өңірлік филиалдарының өкілдері қатысты.

Ержан Жылқыбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарды дамыту, ауыл әкімдерінің өкілеттігін күшейту және елді мекендерді цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, партия Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Әкімдер мектебі» жобасының маңыздылығына тоқталды.

Жиынға бейнебайланыс арқылы өңірден облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңес төрағасының орынбасары Сәрсенкүл Бихожа және жауапты сала өкілдері қатысып, ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттыруға қатысты ұсыныстарын айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға жаңа Бюджет кодексін ескере отырып, даму жоспарларын жаңғырту тапсырылды.

Тағы да оқыңыз: