Kyzylorda-news.kz. Кейінгі жылдары туған жерін көркейтуге, өркендетуге жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысып келеді. Бизнес қауымдастығының өкілдері аймақта құны 37 млрд. теңгеден асатын жобаларды іске асыруда.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның Еңбек Ері, Жалағаш ауданы «Таң» шаруа қожалығының басшысы Имамзада Шағыртаевпен кездесіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәселелерді талқылады.
Кәсіпкер алдағы уақытта елді мекеннің әлеуметтік нысандарын жаңғыртып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып, абаттандырылады, жаңа әлеуметтік нысандар және көпшілік жиналатын қоғамдық демалыс орындары салынады.
Аймақ басшысы осындай игі істерге ынта білдірген, демеушілік жасауға мүдделік танытқан кәсіпкерлерді қолдауға әрдайым әзір екенін жеткізді.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысатын «Таң» шаруа қожалығында 400-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруашылық басшысы Имамзада Шағыртаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдарды дамыту мен көркейтуге айтарлықтай үлес қосып, халықтың ризашылығына бөленіп келеді. Туған жері «Таң» ауылдық округіне 1 млрд 56 млн теңге, Қармақшы ауданындағы «Ақжар» ауылына 100 млн теңге демеушілік көмек көрсетті. Атап айтқанда, 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып, 21 адамды жұмыспен қамтыды. Оған қоса 56 млн теңгеге спорт кешенін салып, жаңадан 16 жұмыс орнын ашты. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішті орнатуға 70 млн теңге жұмсады. 2021 жылы абаттандыруға 130 млн теңге бөліп, үлкен трасса мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шамдарын орнатып, көшенің екі бетін қоршады.
Шаруашылық еңбеккерлерін ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру үшін 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беріп келеді. Алдағы жылы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасына тұрғын үй салып беруді жоспарлауда.
Осындай игі істері лайықты бағаланған Имамзада Шағыртаев өткен жылы меценаттық қызметі үшін республикалық «Жомарт жүрек» байқауында «Туған өлке» номинациясын иеленді.