maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек» деген болатын. Көптің көкейінде жүрген ой болғандықтан жұртшылық оны жылы қабылдады. 

«Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз»,  - деп нақтылады Президент. Расында, ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын бірден-бір экономика секторы. Бұл сала қай елдің болмасын, экономикалық дамуының, тәуелсіздігі мен тұрақтылығының негізгі тірегі. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Бірақ онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Осы орайда еліміз Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуды көздеп отыр. Ол үшін өнім өңдеу деңгейін көтеру керек.

«Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет», - дей келе Президент жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керектігін жеткізді. 

Еліміздегі су ресурстарының 70 пайызын ауыл шаруашылығы саласы пайдаланады екен. Осыны ескерсек, су үнемдеудің құрғақ сөз, құр ұран емес екенін ұғасың. Өйткені су үнемдеу технологиясын егін алқаптарында қолдану көлемі — небәрі 5 пайыз. Ендігі жерде заман талабына сай тәсілдің үлесін арттыру — уақыт күттірмейтін мәселе. 

Сонымен қатар ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу, өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға баса мән беру Жолдаудан туындаған жауапты міндеттер қатарында. Аталған бағыттардың қай кезде де біз үшін болашағы зор.

Нұрлыбек САЙЫМОВ,
ІІІ Интернационал ауылдық округінің әкімі

Тағы да оқыңыз: