Kyzylorda-news.kz. Ауылдың таза ауасын, тыныс-тіршілігін, құрт-майын сағынбайтын жан бар ма? Біз де ауыл өмірімен тыныстап, танысып қайту үшін жақында Ақжар ауылына ат басын бұрған едік. 

Ақжар ауылына жаңа әкім келді дегеннен жұмыссыз жүргендер әкімдікке қарай ағыла бастады. Бәрінің тілегі біреу. Үміті одан да көп. Іскер әйел Нұржамал Бектайқызының жоқтан бар жасайтынын білсе керек. Күніне бірнеше адам есік қағып, өтініш айтып келгені ойландырған Ақжар ауылының жаңа әкімі білек сыбанып, іске кірісті. Қалайда керек кәсіптің көзін тауып жұмыс көзін ұсыну керек. Алдына келген адамның өтінішін жауапсыз қалдырмады. Қадір-қарекетінше жәрдемдесіп келеді. Тіпті өзі отырған ғимараттың бос тұрған үлкен бөлмесін тігін шеберханасы етіп жасақтауды ұйғарады.

Ол үшін ауыл, аудан емес, қала, даладан тапсырыс алып, бірі – перде, енді бірі – қыз жасауын дайындайтын қос кәсіпкер келіншекпен келісті. Келісті де қолынан іс келетін шеберлердің басын біріктірді. Осылайша аз уақыттың ішінде ауылда «Ақжар» тігін цехы ашылды. Төсек жабдықтарын дайындауға негізделіп құрылған цехтың алғашқы үлкен тапсырысы шаруашылықтан түседі. Егіншілерге арнап 200 дана жұмыс киімін тігуге тапсырыс алып содан қарқынды жұмысын бастайды.  Тігіншілерге ай сайын төленетін жалақы бекітілген. Тапсырыс алып, жұмыстың жүруін қадағайтын әлгінде айтқан қос кәсіпкер келіншек Нұргүл Әбішева мен Сәуле Сатыбалдиева.

Бұған дейін де қармақшылықтарға соңғы үлгідегі пердесімен белгілі Нұргүл Ғалымжанқызы 3 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несие алып, кәсібін бастаған. Үйінің бір бөлмесіндегі шеберханада екі адамды жұмыспен қамтып отырды. Бала кезден сурет салуға машықтанып, қолөнермен айналысуды көксеген қала қызы Ақжар ауылындағы берекелі отбасының келіні. 3 баланың анасы. «Ауылда мүмкіндік жоқ» демей өзінің қолынан шыққан дүниелерді, сәнді перделер мен көрпе-жастықты жарнамалай білетін ол әлеуметтік желі арқылы танымал.

Қызылордалық Сәуле Тұрсынбекқызы да осы ауылға келін. Құрақ көрпені дүкен сөресіндегідей мінсіз жасайтын оның қолынан қанша арудың жасауы шықты. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 1 млн теңге несие алып, құрылғы, қажетті заттарын түгендеген тігіншінің тұрақты тұтынушылары көп. Тапсырыс жиі түскен соң бір өзі үлгермейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Енді шеберханада барлығы бірлесіп істейтін болады. Ауыл тұрғындары да үй-үйді аралап тігінші іздемей, бәрін бір орталықтан табады.

Он саусағынан өнер тамған келіншектерді әңгімеге тартқанда ә дегеннен сүйікті кәсібін дөңгелетіп, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік сыйлаған, үнемі қолдау білдіретін отбасыларына разылықтарын жеткізді.

«Қолдан іс келгенімен тұрақты жұмыс болмады. Біраз жылдан бері үйде отырып қалдық. Қазір шеберханада сүйікті ісімізбен айналысамыз. Білмегенімізді үйреніп жатырмыз. Біз – бір ұжымбыз. Осындай мүмкіндік сыйлаған ауыл әкіміне алғысымыз шексіз», – дейді Салтанат Ермаханова.

Тігін шеберханасы әр ауылға керек-ақ. Осылайша ауылдың бірқатар қыз-келіншектерің тігіншілікпен табыс тауып отырған жайы бар. Тігіннің тілін түсінетін мамандар бұл уақытқа дейін де үй жағдайында тігіншілікпен айналысып, көптің көңілінен шығып жүрген. Тірлігі тиянақты тігіншілердің ұқыптылығына тәнті болдық. Олар тұрғынның кез келген тапсырысын орындауға, олардың риза болған көңілді жүзін көруге асық екенін жеткізді. Жылы жүздері мен ақжарма әңгімелерінен олардың жұмысына деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігі анық байқалады. Жұмысыңды шынайы беріліп сүйсең ғана берекелі табыс болатыны белгілі. Қолыңнан келетін іс кәдеңе жараса тіпті керемет емес пе?

«Тігін цехы ашылғалы 3 жылдан асты. Осы уақыт ішінде халық сұранысына сай қолжетімді бағадақызмет көрсетіп келеміз. Қазір тапсырыс түрленуде. Қолдан келгенше тұрғынның сұраған дүниесін үдесінен шыға орындап беруге тырысамыз. Қолжетімді бағада әрі сапалы өнім дайындау үшін барымызды саламыз. Бүгінде төсек-орын тысы, көрпе жамылғысын, жастық тыстарын тігу үстіндеміз. Өз ауылымызбен қатар, іргелес елді мекендерден де тапсырыс аламыз.  Сондай-ақ, шаруашылық жұмысшыларына арналған арнайы форма дайындайтынымыз бар», – дейді тігінші Нұргүл Әбішова.

Тапсырыс берушінің талғамынан шығу үшін цех жақында түрлі матамен толықтырылған. Сүйікті ісіне білек сыбана кіріскен тігіншілердің ауыл әкіміне деген алғысы шексіз. Сонымен қатар, бұл кісінің жайсаң мінезі мен жомарт жүрегіне гүлденген ауыл тұрғындарының ризалығы бір бөлек. Қажетті затын алыстан іздемей ауылдан табуға болатын, жаңа бастамаларға, жағымды жаңалыққа толы ауылдан бой көтерген мақсаты айқын тігін цехының тасы өрге домалайтынына сенім мол.

Тағы да оқыңыз: