Kyzylorda-news.kz. Ел ішінде «Өңірдегі шағын кәсіпкерліктің дамуы нан мен астың арзандығынан білінеді» деген сөз бар. Ол рас. Нан – береке. Нан – байлық. Ауданда адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Соның бірі – тұрғыны Айнұр Алшынбай.
Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша Бастау бизнес» курсын оқып, қайтарымсыз шағын несие 525 200 тг көлемінде қаражат алады. Аталған қаражатқа үй жағдайында қажетті құрал-жабдықтарын алып, ауылға пайда тигізетін шағын наубайхана ашады. Бүгінде шағын кәсібін дөңгелетіп отыр.
Айнұр Бақтиярқызы 1996 жылы 18 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданы Көсу ауылдық округі Елужылдық ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қармақшы ауылдық округінің келіні атанып, 3 бала тәрбиелеп отырған жас ана.
«Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет деген ойға басымдық береді. Сол себепті де түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Ендігі жерде халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білгені абзал», дейді кәсіп иесі.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының 75 пайызы осы шағын наубайхананың тұрақты тұтынушысы. Сонымен қатар тәтті торттар пісіріп аудан көлемінде өз клиенттерін таба білген білікті жас кәсіпкер.
«Тәтті пісіруді бұрыннан жақсы көремін. Қазір үйренуге деген ниет болса, әлеуметтік желіде кәсіптің түр-түрі бар. Тегін сабақтар да жетерлік. Қазір дайындап жүрген тәттілерімді өзім инстаграмнан үйрендім. Бір дегеннен керемет шықпаса да, бастысы талпынып көру. Тәтті пісіру шыдамдылықты, ыждаһаттылықты талап етеді. Тә-жірибе жинақталған соң, ісің де алға басады» дейді Айнұр Бақтиярқызы.
– Қазақта «Ас атасы – нан» деген даналық бар, яғни астың үлкені – нан. Ол қасиетті. Адамзат баласы үшін кез келген тамақ қанша нәрлі болғанымен кейде одан жалығады. Бірақ ол ешқашан наннан шықпайды. Дастарқанда нан тұрмаса көңіліңіз де, дастарқаныңыз да ортайып, берекесі кетіп тұрғандай басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиетін осыдан-ақ байқайсыз. Қазақта «Қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесең де амандық болсын» деген де тәмсіл бар. «Нанды жерге тастама», «Нанды бір қолмен үзбе» деген атамыз қазақтың осындай ойлы сөзі нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Қонаққа келген адам тіпті асығыс болса да өзге тамақтан емес, міндетті түрде наннан ауыз тиген. «Нан бар жерде ән бар» дегендей, халық арасындағы бірлік, ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығаяды, яғни наннан ауыз тиген адам сол үйге жамандық тілемейді және жамандық істемейді, – дейді жас кәсіпкер.
Наубайхана өнімдері тұтынушы тарапынан жоғары бағалануда. Тұрақты тапсырыс беретін тұрғындармен қоса сұраныс саны күннен-күнге көбеюде. Ең бастысы дайындалған өнім сөреде тұрып қалмайды. Ал баға – қолжетімді, сапа – көңілге қонымды. Кәсіпкердің ендігі мақсаты мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып үлкен нау-байхана ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамту және аудан халқын сапалы өніммен қамтамасыз ету.
