Kyzylorda-news.kz. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Олардың өз кәсібін кеңейту үшін пайызсыз несие мен қайтарымсыз грант бөлінуде. Арал ауданында да  жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып, жаңа кәсіпкерлік нысандар бой көтеруде. Әсіресе ауыл тұрғындарының бизнеске ден қоюы көңіл қуантады. Бүгін ауылдық жерлерден кәсіп ашып, халық қажетін өтеп отырған кәсіпкерлер туралы айтпақпыз. 

Табысқа жетудің үлкен құпиясы – еңбек. Мұны Дархан да жақсы ұққан. Ол жоғары оқу орнын «Мұнай –газ мамандығы» бойынша бітірген. Бірақ қазіргі күні мұнай саласының маманы емес, ауылдағы жастарға үлгі боларлық кәсіпкерге айналып отыр. Ол биылғы жылы ауылда «Нұрым» кілем жуу орталығын ашты. 

– Отбасындағы бауырларым, ата-анам бәрі мемелекеттік қызметкерлер. Тек мен ғана кәсіпкерлікке ден қойдым. Бұл кәсіпті бастамай тұрып та әр түрлі сауда-саттықпен айналысып жүрдім. Кейінен мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жақсы мүмкіндік беріліп жатқандығын естіп, осы кілем жуу орталығын ашуды ұйғардым. Кәсіпкерлер даярлау курстанынан өтіп өзімнің кәсібімді аштым,– дейді Дархан. 

Бастапқыда өзінің 300 мыңға жуық қаражатын салып кілем жуу орталғының іргетесын қалаған Дархан мемлекет тарапынан берілетін 505мың қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Бұл қаражатқа кілем жууға қажетті құралдарды алғандығын айтқан жас кәсіпкер өзіне үлкен қолдау болғандығын жеткізді. 

– Гранттық қаражатқа жууға қажетті роутр, кептіру үшін фен құралдарын сатып алдым. Қазір ойға алған кәсібімді дамытып отырмын. Ауыл тұрғындарынан бөлек көрші ауылдан да кілемін әкеліп жуғызып алатындар бар. Әрине жаз мезгіліндегідей емес қыс кезінде кілем жуу кез келгенге оңай емес. Сондықтан менің қызметіме жүгінетіндер көбейіп келеді. Бағасы да қарапайым халық қалтасына қонымды, – деді ол. 


Қазірде кәсіпкер өзіне көмекші бір жұмысшы алған. Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында өзінің кәсібін дамытып, көкжиегін кеңіткен Дарханының алға қойған жоспарлары да бар. 

– Өз басым кәсіпкерлікті дамытуға ден қойылып, бізге қолау жасап отырған үшін дән ризамын. Қазір жұмыссыз жүрген жастар көп. Мамандық бойынша жұмысқа орналасу өте қиын. Әрине қалада мүмкіндік бар. Бірақ ауылда өскен балаға қалада өмір сүру әсте оңай емес. Сондықтан бәріміз ауылға табан тіредік. Қазір замандастарымның көбі өз кәсібін ашып, табыс тауып халық қажетін өтеп қызмет қылуда, – деді.

Дархан алдағы уақытта өзінің кәсібін кеңейтуді ойлап жүр. Ол үшін кілем жууға қажетті түрлі аппараттар болуы қажет. Ендігі жерде бизнесті қолдауға арналған өзге де жобаларда бақ сынап көрмек. Талабы таудай жас кәсіпкердің алда биік белестерді бағындырарына сенім мол. 

Расыменде, бүгінде қалада да, ауылда да кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып,  тұрғындар өз несібелерін табуда. Сондай жандардың бірі – Ернар Қалданұлы.

Ернар – қарапайым ауыл баласы. Балалық шағы Ақбасты ауылында өтті. Мектеп бітірген соң, ол да өзге қатарластары секілді жоғары оқу орнына түсті. Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы технологиялық университетін мұнай-газ мамандығы бойынша бітірді. Дипломды жас маман қаланың шуылды қызық өмірін ауылға айырбастап, туған жерге оралды.

– Қала өміріне ешқашан құмартқан емеспін. Қайда жүрсем де ауылды аңсап тұратынмын. Содан да болар, оқу бітірген соң көп ойланып жатпай, ауылға тартып тұрдым. Осында ата-анама, бауырларыма қарайласып жүрдім. Отбасын құрдым. Жұбайым Ақнұрдың мамандығы технолог еді. Ол консервіленген балық шығарсақ  өз ойын айтып жүрді. Ауылдан ондай іс бастау мүмкін емес болар деген ой келді. Бірақ ол мұның тиімді тұстарын ашып, түсіндіре бастағанда, қызығушылығым ояна бастады, – деген Ернар өз кәсібін қалай қолға алғаны туралы айтып берді.

Бүгінгі қоғам сұранысына сай кәсіпке Ернар шындап кірісті, консервіленген балық шығару жобасын бастады. Жас кәсіпкердің бұл жобасын ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант тағайындалған. Осылайша ол өз кәсібін бастауға қажетті жабдықтарды алады.

– Бір қуантқаны, жас кәсіпкерлердің идеяларын қаржыландырып, оның дамуына қолдау көрсеткендігі болды. Соның арқасында біз өзіміз армандаған кәсібімізді ашуға мүмкіндік алдық. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап алғашқы өнімдерімізді шығара бастадық. Негізінен, қажетті консервіні Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдырамыз. Ал балықтар – өзіміздің теңізден ауланған балғын өнімдер. Бастапқыда күніге 40 консервіленген балық шығарған болатынбыз. Қазір елдегі ахуалға бай-ланысты тапсырыс азайды. Айына 1000-ға жуық өнім шығарудамыз, – дейді кәсіпкер.

Шалғайдағы ауылда тұрса да, өздерінің кәсібін ашып, тірліктің көзін тауып отырған еңбегі қатарластарына үлгі. Қазір іскер жанның қолынан шыққан консервіленген балықтар аудан көлеміне кең тараған. Мұның бәрі – үлкен еңбектің жемісі. Осы табанды тірлігі арқылы ол отбасын асырап, ата-анасына қолғабыс болып отыр.

– Елдің ішінде жүрсең, қандай істі бастасаң да табысқа кенелерің сөзсіз. Көбі ауылда жұмыс жоқ дегенді сылтау етеді. Шындығына келгенде, қайнаған тірлік ауылда екен. Бүгінде алға қойған мақсатыма жетіп, өзімнен кейінгі буынға үлгі боларлық іс жасағаным үшін қуана-мын,– дейді кәсіпкер.

Ернар болашақта өз кәсібін одан әрі дамытып, балық өнімдерін даярлайтын үлкен өндіріс орнын ашсам деген жоспарларын келер күннің еншісіне қойған. Әрине жігерлі жастың оған мүмкіндігі де жеткілікті.

Сонымен бірге ауданда  жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып, жаңа кәсіпкерлік нысандар бой көтеруде. Әсіресе осы тұста ауыл тұрғындарының бизнеске көптеп ден қоюы көңіл қуантады. Осы орайда жас кәсіпкер, көпбалалы ана Әсем Бүркітбайқызы туралы айтпақпыз. 

Табысқа жетудің үлкен құпиясы – еңбек. Бұны Әсем де жақсы ұққан. Ол талай жыл қоғамдық негізде жұмыс істеді. Отбасын бағу үшін ешқандай қиын істен қашқан жоқ. Сол бинетті күндер бүгінде көрген түстей артта қалды. Ол бүгінде Жақсықылыш кентіндегі белгілі кәсіпкерге айналды. 

– 2017 жылы Өрлеу бағдарламасы арқылы түйе алдым. Сондағы ойым, шұбат өндіру ісін қолға алу болатын. Ойым іске асты. Қазіргі күні түйе сауып, шұбат, құрт істеп отырмын. Бұл маған берекелі кәсіп болды. Мұнан әрі кәсібім кеңейе түсті, – деп бастады әңгімесін Әсем. 

Әсемге шұбат өндіру ісі табыс әкеле бастайды. Оның шұбаты мен құрты Аралда ғана емес Ақтөбе мен Атырау қаладарында сұранысқа ие. Содан өз кәсібін одан әрі кеңейтуді мақсат еткен жас келіншек ауылдан жастар тынығатын орын ашуды жоспарлайды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарласмасы бойынша оқып, мемелкеттен 3 миллионға жуық қайтарымсыз грант ұтып алады. Бұл қаржыға Жақсықылыш кентінен фасфут орталығын ашады. 

– Біздің ауылымыз үлкен. Мұнда жастар да көп. Олар демалып басқосып отырғысы келеді. Сол үшін қалаға барады. Содан маған ауылдан да осындай орталық ашсам деген ой келді. Бұл кәсіпті бастағаныма көп болған жоқ. Сонда да болса келушілердің қарасы қалың. Жастар алғысын білдіріп жатыр. Көбіне, донер, пицца сынды фасфут тағамдарға сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, шағын асханам шұбатхана есебінде де жұмыс жасап тұр. Арнайы шұбат ішу үшін келетін адамдар да бар, – дейді ол.

Негізі Әсемнің мамандығы бағдарламашы. Жоғары оқу орынын бітірсе де бұл салада жұмыс жасамады. Десе де өз кәсібі оған табыс әкеліп отыр. 

– Неге екенін қайдам мамандық бойынша жұмыс жасауға онша көңілім соқпады. Оның үстіне менің мамандығыма сәйкес ауылдан жұмыс та табыла қойған жоқ. Содан кәсіпкерлікке ден қойдым. Оныма өкінбеймін. Ең бастысы адал еңбекпен нан тауып отырмын, – деген Әсем кәсіппен айналысудың өзіне ұнайтынын айтты. 

Кәсіпкер келіншекке бизнестегі бастамасы табыс әкеліп қана қоймай оның жаңа ортасын да қалыптастырды. Ол республика бойынша құрылған іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Биыл аталған бірлестіктің облыста өткен форумына қатысып, кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы марапатқа ие болды. Сондай-ақ бірнеше мәрте облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 

– Бізге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр . Кәсіп ашам деген адамға кедергі жоқ. Менің де шұбан өндіруден бастаған кәсібім осы қолдаулардың арқасында аз уақыттың ішінде кеңейтім, – дейді. 

Әсем 33 жаста болса да 5 баланы өмірге әкелген көпбалалы ана. Бір отбасының ұйытқысы болып отырған бақытты әйел. Ол өзінің табысқа жетудің жолын бүгін марқая баяндап берді. Қарап отырып жас келіншектің талпынысы мен еңбекқорлығына таңдай қағасың. Оның іскерлігінің жастарға үлгі болары сөзсіз. 

Әйел адамның басы қосылған жерде сұлулық жайы сөз болмай қалмайды. Бірде сондай басқосулардың бірінде танысым өзінің жасанған қасын көрсетіп біздің пікірімізді сұрады. Табиғатында сирек қасты ханымның көз үстінде керемет қас пайда болған. Қою күрең түсі де аққұба ажарына сай келіп тұр. Бұл бір жыл сақталатын бояу екен. Қанша жуып жатсаң да бояуы өшірілмейді.  «Данагүл деген маман бар соған істеттім» деді әдемі қастарымен мақтанған әлгі келіншек. Оны көбі таниды екен. Мақұлдай түсті. Бәрі жұмысының тиянақтылығын айтып мақтап жатты. Бірде Данагүлді іздеп бардым. Соңғы бес жылда сұлулық салонының жұмысын дөңгелетіп отырған жас келіншектің бос уақыты жоқ екен. Арнайы сағатқа жазылу керек. Міне, керемет. Тілдесу барысында Данагүл өзінің кәсіпке қалай келгендігі туралы  айтып берді. 

– Өзім  жоғары оқу орнын орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Негізі қаладағы орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс жасағанмын. Мұғалім бола жүріп сұлулық салонының жұмысын қоса атқардым. Бірде маған таңдау жасау керек болды. Өйткені екі жұмысты қатар алып жүру қиындық туғызды. Сүйттім де көп ойланбастан қызметімді тоқтатып, сұлулық салонының жұмысына дендеп кірістім. Алғашқы кезден-ақ жақсы табыс таба бастадым. Себебі менің жұмысым ұзақ уақытқа сақталады,– деген Данагүл қазірде тек қас әрлеумен шектелмейтін. 

Ол біртіндеп бет тазалау, әрлеу, кірпікті табиғи жолмен өсіру сынды ұзақ мерзімге сақталатын жұмыстарды істеуді меңгереді. Сол арқылы тәуір табыс тауып отыр. Қызметін асқан ұқыптылықпен жасайтын кәсіпкердің тұрақты келушілері бар. Данагүл олардың бәрімен жылы қарым-қатынас орнатқан.

–Әйелдер қауымы қай кезде болмасын өздеріне қарап, құлпырып жүргенді қалайды емес пе?! Уақыт өткен сайын сұлулықты қамтамасыз етіп жүрген біздің саламызда да жаңалықтар көп. Бүгінде қыз-келіншектер, тіпті орта жастан асқан апалардың өзі өздеріне жақсы күтім жасайдын. Менің жұмысым әйел адамның табиғи сұлулығын сақтай отырып, оның өміршеңдігін қалыптастырады. Мәселен, бетті тазалау. Қоршаған ортадағы шаң-тозаң, өзге де сиянды факторлардың әсерінен адамның бетіндегі ауа өткізгіш клеткалар бітеліп қалады. Мен арнайы аппараттардың көмегімен сол клеткаларды ашып, бет терісін нәрсендіремін. Ал қазіргі таңда көптің сұранысына ие жылдап сақталатын қас және көз айналасын бояу сынды жұмыстар қыздардың бояуға көп қаражат жұмсамай үнемдеуі үшін таптырмас мүмкіндік. Қызметім үшін көп ақы талап етпеймін. Табысым жұмысқа қажетті заттарды алуға, отбасының барлық шығындарын өтеуге жеткілк, -  дейді Данагүл Аманкелдіқызы. 

Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Данагүлдың қызметі де аса мұқияттылық пен дәлдікті талап етеді. Адам бетінің типін ажыратып, оның ажарын аша түсетіндей етіп сәндеу шеберлікті талап ететіні даусыз. Бұл ретте бес жылдық тәжірбиесінің арқасында өзіне сенімді кәсіпкер келіншек көптің көңілінен шығып жүр.

–Алдыма келген әрбір әйел заты менің жұмысымнан үлкен нәтиже күтеді. Бастапқыда сенімсіздік білдіріп тұрғанын іштей сеземін. Бірақ мен өз жұмысымды аяқтап айнаны ұсынғанымда құлпыра түскенін аңғарған арулар ризашылықтарын білдіріп жатады, – деді ол.

Жастыратын жоқ тірлікте адам баласы түрлі қызетке жүргінеді. Бұған дейін Данагүлдің істеген жұмыстары тек үлкен қалалық жерлерде ғана болатын. Оның үстіне бәсекелестік жоқ болған соң бағасы да тым қымбат. Қазірде ауданда осындай қызметті ұсынып, халық қажетін өтеп отырған кәсіпкерлер көп.  Осыдан-ақ өркениеттің көшіне ілескенімізді аңғаруға болады.

Тағы да оқыңыз: