Kyzylorda-news.kz Жастардың өмірінде әлеуметтік желі – күнделікті ақпарат алу мен өзін көрсету ортасы. Әсіресе TikTok пен Instagram платформалары ауыл жастары үшін шығармашылық пен кәсіпке жол ашатын алаңға айналып келеді.

Елімізде жастар арасында әлеуметтік желінің рөлі айтарлықтай жылдам артуда. Зерттеулер бойынша Instagram-ды жастардың шамамен 79,8%-ы, ал TikTok-ты 63,9%-ы белсенді қолдайды.   Бұл платформалар әсіресе 16-28 жас аралығындағы жастар арасында танымал.

TikTok-тың қысқа бейне форматтары арқылы ауыл жастары өз-өздерін көрсетуге мүмкіндік алып, ауыл күнделігі, кәсіби қызығушылықтары, ауыл шаруашылығы, аспаздық, қолөнер сияқты бағыттардағы видеоларды түсіріп кең аудиторияға жариялап жүр.

Мысалы, елімізде «#ҚазақстандаЖасалған» атты TikTok байқауы өтті. Бақ сынағандар көп болды. Мәселен 800-ден астам қатысушы әлеуметтік, экологиялық және кәсіпкерлік жобасын қысқа видео арқылы таныстырды. Бұл ауыл жастарының да өз өнімін, идеясын насихаттауға жол ашқан жоба болды.

Ал инстаграмға келер болсақ, ол жастарға әсерлі фото мен жеке бренд қалыптастырумен қатар визуалды әңгіме айтуға қолайлы. Ауылдағы күнделікті өмір, ауыл тағамдары, табиғат, кәсіби жұмыстар, қатты ұнаған сәттер туралы фото жүктейді. Instagram-ды ақпарат көзі ретінде де қолданатын жастар көп. Соның ішінде 18-28 жас аралығындағы респонденттердің жартысына жуығы Instagram-ды медиа ретінде пайдаланады.

Әлеуметтік желілер тек қызық үшін ғана емес, сонымен бірге бизнесті дамытуға, келіссөз жүргізуге, бір-бірімен байланысуды қамтамасыз етеді. TikTok-тағы трендтер жастардың мінез-құлқын, қызығушылығын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Қысқа видеолар адам назарын өзіне тез аударады, сөйтіп ауыл жастары да өз хэштегі, челленджі арқылы көпшілікпен байланыса алады.

P.S. TikTok пен Instagram ауыл жастарының өздерін білдіруіне, жарқын күнделікті сәттерін көрсетуіне, тіпті өз идеясы мен жобасын кең аудиторияға жеткізуіне мүмкіндік береді. Осы арқылы ауыл өмірі де қала өмірімен тең дәрежеде цифрлық кеңістікке еніп келеді.

                                            Мерей Жалғасбек,

                Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4курс студенті

Фото: freepik

Тағы да оқыңыз: