Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылының тұрғындары кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды ұтымды пайдаланып, жеке кәсіптерін ашуда. Сондықтан да батыр атындағы ауылда жыл сайын салаға қадам басқандардың қатары көбейіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын серіктестік құрған елді мекен тұрғыны Еділ Жұмабек те бүгінде бастаған ісінің жемісін көріп отыр.

2019 жылы жұмысын бастаған «ARMAN COM» ЖШС бүгінде өз өнімімен тек ауыл халқын ғана емес, жалпы аймақтағы тұтынушыларын қамтамасыз етіп отыр. Уақыт өткен сайын серіктестікте өндірілетін пескоблокқа сұраныстың артуы өнім сапасының сын көтеретінін және бағасы да қалтаға қонымды екенін аңғартып тұр. Жуырда мұндағы қажетті аппараттар қатарын көбейткен Еділ Жұмабек алдағы уақытта кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуде басқа да жоспарлары жоқ емес екенін айтады.

Кәсіпкер кәсіптің бұл түрін досы Қуаныш Сабыржанұлы екеуі бастағанын айтады. Серіктестік маусымында 6 адамды жұмыспен қамтиды екен. Күн райының салқындығы өнім сапасына тікелей әсер ететіндіктен мұндағы жұмыстар сәуір айында басталып, қазан айының ортасында тоқ-тайтын көрінеді. Өз қаражатымен іс бастаған қос азамат кейін мемлекеттен де қолдау болғанын жасырмайды.

«Серіктестікті өз қаражатымызбен құрдық. Кәсіптің бұл түрінде пайда барын түсінгендіктен біз мұның болашағына сендік. Бірінші сұраныс өз ауылымыздан болды. Кейін облыс орталығынан, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қазалы аудандарынан тапсырыс көптеп түсе бастады. Әрине, оның барлығын қамтамасыз ету үшін іштегі қажетті аппараттарымыздың саны шектеулі болды. Бұған дейін аудан әкімінің орынбасары болған Ерлан Әмірханұлы серіктестік жұмысымен танысып, мемлекеттік бағдарламаларға қатыссақ, қолдау да мол екенін айтты. Бақ сынауға бел буып, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасымен 2 млн теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болдық. Тиісті қаражатқа мұнда еңбек өнімділігін арттыратын әлі де қажетті аппараттар сатып алдық. Осылайша барлық тапсырысты өз өнімімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік алдық», – дейді кәсіпорын иелері.

Бұқарбай батыр атындағы ауылда орналасқан серіктестік пескоблоктың 2 түрін өндіреді. Оның бірі тұрғын үй, сарай, басқа да әлеуметтік нысандар салуға арналса, келесісі қоршау жұмыстарына негізделген. Ал шикізат көзіне келсек, пескоблокқа тек цемент пен қиыршық тастың майдасы пайдаланылады. Іскер азаматтар цементті жергілікті жерден алса, қиыршық тасқа Шиелі ауданына тапсырыс береді екен.

Сондай-ақ, мұнда құрылыс жұмыстарына қажетті пескоблоктың да екі түрі өндіріледі. Олардың қалпының өлшемі бірдей болғанымен түсі әрқалай. Оның бояуын арнайы Алматы қаласынан алдырады. Екеуінің бағасында да сәл айырмашылық болатыны сондықтан.

Серіктестік құрылғалы мұнда 50-60 мыңға жуық пескоблок өндіріліпті. Қазір кәсіпорындағы қажетті аппараттар санының артқанын ескерсек, алдағы маусымда өнім көлемінде де айтарлықтай өсім болары анық.

Күніне 1000-ға жуық пескоблок шығаратын зауыт басшылары енді тасымалдау қызметін де өздері қолға алуға талаптанып отыр. Қазірдің өзінде жүк көлігін сатып алу үшін мемлекеттік бағдарламамен пайыздық үстемақысы төмен несие алуға құжат тапсырып қойған. Қаражат мәселесі шешілген бойда іскер азаматтар жүк көлігін алуға жолға шығатынын айтады.

«Бізде кейде «тасымал жағы өздеріңізден болса» деп тапсырыс берушілер де кездеседі. Жүк көлігі болмағаннан кейін біз тапсырыстың бұл түрінен бас тартамыз. Осындай жағдайлар көптеп орын алғаннан кейін тасымал жұмысын жүзеге асыруды да алдағы күннің еншісіне қойып отырмыз. Әрине, оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Оған әзірге біздің шамамыз келмейді. Мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінгеніміз де сондықтан. Бұл жобамыз жүзеге асса, кірісімізді де еселеуге мүмкіндік туады», – дейді серіктестік иелері.

Қазір кәсіпорын орналасқан ғимаратты іскер азаматтар жалға алып отыр. Яғни оның егесіне ай сайын 70 мың теңге төлейді екен. Бұл – небәрі 2 жыл бұрын жұмысын бастаған серіктестік үшін үлкен шығын. Өз алдына жеке ғимарат алудың да жобасын олар дайындап қойыпты. Қазір Еділ Жұмабек өз үйінің жанынан 33 сотық жер рәсімдеп қойған. Енді сол маңға серіктестіктің жаңа нысанын салуды күн тәртібіне қойып отыр. 
 

2.jpg

Тағы да оқыңыз: