Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында жеке кәсіпкерлік нысандарының артуы, өңір әлеуетінің өсуіне ықпал ететіні рас. Әсіресе, кәсіпорындар қатарының ауылдық елді мекендерде көптеп шоғырланғаны кімге болса да тиімді. Себебі ондағы халықтың әлеуетін арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуда бұл – таптырмас мүмкіндік. Бір жағынан ондағы жұмыссыздық мәселесінің алдын алуға да кәсіпкерлік саласының алға басуы үлкен сеп болары анық.

Соңғы жылдары Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылының тұрғындары кәсіпкерлік саласында бұған дейін қолға алынбаған жарқын жобаларды жүзеге асыруды дәстүрге айналдырып келеді. Кәсіпкерлік саласына серпін беретін мемлекеттік бағдарламаларды батыр атындағы ауылдың халқы тиімді пайдаланып отыр. Бұл сөзімізге соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігімен іс бастаған бұқарбайлықтардың жарқын жобасы дәлел болары анық. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Самұрат Шайхыслам.

Ол бұған дейін Алматы қаласындағы кондитерлік өнімдер өндіретін алып цехта жұмыс жасаған. Кәсіптің бұл түрінде үлкен пайда барын жете түсінген кәсіпкер кейін елге қайтып, салада бақ сынауға бел буады. Осылайша, өзінің туған жері Бұқарбай батыр ауылында кондитерлік өнім өндіретін кәсіпорын ашуды жоспарлайды. Алайда кейіпкерімізге бұл жобаны жүзеге асыруға қаржы тапшылығы айтарлықтай қолбайлау болған. Мақсатын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінгені де сондықтан.

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасымен Самұраттың бұл жобасы қолдау тапты. Комиссия мүшелерінің «Кондитерлік өнім өндіру» жобасын бірауыздан қолдайтындай реті бар. Себебі оны автор үлкен ізденіспен жасаған. Тіпті ол үшін тәжірибе жинау мақсатында Түркия мемлекетінде арнайы оқудан өткен. Осылайша кейіпкеріміз қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.

«Бастапқыда менде «Ауылдық жерде өнімнің бұл түріне сұраныс қалай болады?» деген сауал туындады. Десе де тәуекелге бел буып, жұмысты бастап кеттім. Қазір соның жемісін көріп отырмын. Алғашында цехта өндірілген өнімді ауыл тұрғындары таласып алды. Кейін аудан және облыс орталығындағы ірі сауда орындарынан сұраныс түсе бастады. Қазір оларды да өз өніміммен қамтамасыз етіп отырмын. Әзірге печеньенің 7-8 түрін шығарып жатырмын. Ал мерекелер қарсаңында кондитерлік өнімнің басқа да түрлерін өндіреміз. Себебі ол күндері сұраныс көп болады. Кейде өзіміздің аудан орталығындағы сауда орындары иелерінде «ертең өз өнімімен бізді қамтамасыз ете алмайды» деген біржақты көзқарас та қалыптасып жатады. Алайда менің толық мүмкіндігім бар», – дейді жас кәсіпкер.

Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында бұл сөзді кейіпкеріміздің жай ғана тұтынушы тарту мақсатында айтпағанына көз жеткіздік. Расында, қандай көлемде болсын тапсырысты қамтамасыз етуге шағын цехтың қауһары жетеді. Себебі кәсіпорын заманауи үлгідегі кондитерлік өнімнің кез келген түрін өндіруге арналған арнайы аппараттармен жарақталған. Оған Самұрат Бектасұлы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде алған 4 млн 900 мың теңге қайтарымсыз қаражат арқылы қол жеткізген.

Жас кәсіпкер қазіргі таңда 2 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта мұндағы өнімге тұтынушылар тарапынан сұраныс артса, кәсіпорын көкжиегін кеңейту де жоспарда бар екен. Цехта қазір өндіріліп жатқан печеньенің бағасы 1000-1500 теңгеден аспайды. Ал торттардың көлемі мен түріне қарай бағасы да әрқалай.

Былтыр желтоқсан айының ортасында жұмысын бастаған жобаның болашағы жарқын. Себебі «Сыр Дәмінде» өндірілген өнімге уақыт өткен сайын сұраныс та артып келеді. 
 

7.jpg
8.jpg

Тағы да оқыңыз: