Kyzylorda-news.kz. Мал бағу – атакәсіп. Осы орайда Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария елді мекенінде жыл өткен сайын атакәсіпті арқау етіп, ризық-несібесін төрт түліктен көрген кәсіпкерлер саны артуда. Әрине, қазақтың жанына жақын мал шаруашылығы қай кезде де кенже қалған емес. «Естіген – өтірік, көрген – шын» демекші, біз де Жаңадария ауылының мал баққан шаруаларымен кездесіп, кәсіптерімен танысуды жөн көрдік.

Солардың қатарында Зеңгібаба тұқымын бағып-қағып өсіруді кәсіп еткен ауыл тұрғыны Талғат Алтайұлы да бар. Ауыл әкімі Асхат Есқалиевтың бастауымен ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан «Нұртөре» шаруа қожалығына ат басын бұрып, кәсіп тынысымен таныстық. Осыдан 5 жыл бұрын 2 млн теңге несие алып, жұмысын бастаған Талғаттың кәсібі бүгінде отбасылық бизнеске айналған. «Мал баққанға бітеді» деген тәмсілді ұстанған ол мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы аясында тағы да 11 млн теңге несие алып, 40 бас ірі қараны жайылымға жіберген. Әрине, кейіпкеріміз ата кәсіпке бала кезінен бейімдігін танытқан. Әкесіне қолғанат болып, ауылда өскесін болар, оған бұл шаруаның қыр-сыры мәлім. Жас болса да еңбексіз ештеңе болмайтынын Талғат ерте байыптапты. Сондықтан болар, Жаңадариядай ауылда туып-өсіп, мал бақпауды үлкен қателікке санап, болашақта мал басын көбейтіп, ірі қара тұқымын асылдандыруды мақсат етіп отыр.

«Ағамның, жалпы отбасымның үлкен қолдауымен осы кәсіпке келдім. Қазір 70 гектар жайылымдық жерім бар. Мал азығынан ешқандай қиыншылық жоқ, күніне азанда, кешке сауын сиырды назардан бір өткізіп, жайылымы мен жемін қадағалаймын. Әрине мал қоңды болуы үшін қоражай жайлы, азығы құнарлы болуы шарт. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Мен үшін кәсібім өмірге деген құлшынышымды оятады. Өйткені өзгелердей жай ет өткізгім келмейді. Керісінше әрбір ірі қараның салмағын екі есе көбейтуді көздеймін. Сонда ғана нағыз еңбегімнің дәмін татып, ісіме көңілім толады. Бір әтеген-айы, ауыл тұрғындарындағы мал тұқымы азып кеткен. Асылтұқымды бұқа жоқ, болса бірлі-жарымында ғана бар. Бірақ шүкір, барға қанағат етемін», – дейді кәсіпкер.

«Еңбегі көптің өнбегі көп» деген мақал тура Талғатқа айтылғандай, олай деген себебіміз аула маңына бау-бақша дақылдарын егіп, қыстық азығын да осы киелі жерден олжалапты. Биыл күзде өзі еккен бақшадан жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін жинаған, аяқ су мәселе бар екенін ескерсек, өнімі жаман болмапты. «2-3 жылда ауылда Тәкеңнен асқан бай адам болмайды» деп арқасына қағып қояды ауыл әкімі. Әрине, болатын ел бірін-бірі батыр дейді, ауыл басшысының бұл сөзінде үлкен қолдау бар екенін дереу түсіндік.

«Еңбек етемін деген адамға қашанда жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болатынын айтып келеміз. Шаруалардың өндірген өнімдерін өткізуде, мал азығын дайындауда, материалдық-техникалық жабдықталуда, мал басы өнімділігін жетілдіруде, қаржылай мемлекет тарапы әрқашан көмек беруге дайын. Оның бір дәлелі қазір қаладан ауылымызға мал бағамын, еңбек етемін деп көшіп келіп жатқан тұрғындар саны артты. Әрине, Жаңадарияда мал шаруашылығының қарқынды дамуы ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына, қалаға көші-қон легінің тежелуіне айтарлықтай оң ықпал етер еді», – дейді елді мекен әкімі Асхат Есқалиев.

«Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген қазақ. Ал Талғаттың мақсаты – айқын, межесі – биік. Оған біз осы сапарымызда толық көз жеткіздік.
 

dsc4777-1024x683.jpg

Тағы да оқыңыз: