Kyzylorda-news.kz.  «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайдынын» білмейтіндер кемде-кем. Қандай қоғамда да бел шеше еңбек еткендердің есесі кеткен емес. Бұл, әсіресе, нарық заңы өмірімізге дендеп енген бүгінгі таңдағы басты қағидаға айналғандай.

2012 жылы  Қарақалпақстанмен шекаралас орналасқан «Шобанқазған» елді мекенінен мемлекеттік бағдарлама арқылы Қармақшы ауданы, Тәйімбет Көмекбаев ауылына отбасымен  қоныс аударған Гүля Жәмитова  жаңа тұрғын үйге  ие болады. Өмірлік серігі Жолдасбаймен бірге 8 ұрпақ өсірді. Арада жылдар салып, отағасы ауыр науқастан өмірден өткенмен Гуля еңбек етіп, балаларын жетілдірді. Олардың бірі жоғары, бірі арнаулы оқу орындарын бітірді. Кәсіпкер иелігінде мүйізді ірі қара, түйе, уақ мал бағып, өсіруде. Бұл жұмыстың бәріне де өзі басшылық етеді. Айтпақшы, оның қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамының бірі – тандыр нан пісірудің шебері екенін білдік.

Бірақ, оның негізгі кәсібі тігіншілік. Ол бұл өнерді анасы Ұлболсыннан адарыған кәсіп дейді. Құрақ көрпе, қыз, бесік жасаулары, ұлттық үлгідегі киімдер мен тұрмыстық заттар, әшекейлер, бұлар  қолөнер шеберінің сүйіп жасайтын кәсібі.  

«Мен қолөнерге бала жасымнан келдім. Марқұм анам Ұлбосын өте шебер тігінші болды. Оның қолынан неше түрлі ұлттық  киімдер, көрпе-жастықтар мен көрпешелер, сондай-ақ  бесік пен жас келін жасауы, басқа да ұлттық нақышта жасалған тұрмыстық заттар шықты. Оларға деген сұраныс та көп. Оған да бұл кәсіп анасынан дарыған екен. Оны өзі айтып отыратын. Бүгінде менің кәсібімнің дамуына қызым Жанел көмектеседі. Оның да бұл өнерге деген құлшынысы зор. Қазіргі кезде түрлі киім үлгілері мен қазақы ұлттық нақыштағы заттарды жасап жүр. Әрине, ол мені қуантады. Негізінен мен өнімдеріме қолданатын материалдарды Жосалы кентінен, Қызылордадан сатып аламын. Өнімдеріме деген сұраныс та жоқ емес. Кейде ауыл тұрғындары өздері қалаған тапсырыстарына  көкейлерінде жүрген ою-өрнектерді салып, әшекейлеуді сұрайды. Ондайда тұтынушылар талабын орындауға жұмыс жасаймын. Өніміміз тұтынушы талабынан шығып, ризашылықпен  алғыс айтқанда әрине марқаямыз, еңбегіміздің еленгеніне мақтанамыз, Менің бұл кәсібім шағын ғана ауыл тұрғындарына арналғанымен тіккен киімдер, дайындаған ұлттық нақыштағы қолөнер заттарыма сырттан қызығушылар бар. Алайда, мен анамнан қалған кәсібімнің өрісін қолдан келгенше  кеңейтуге жұмыс жасағым келеді. Ауыл әкімшілігіндегі мамандар да көмегін аямай, қолдау көрсетуде», – дейді қазақ салт-дәстүрін дәріптеп жүрген тігінші апаймыз.

Тағы да оқыңыз: