Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдалалар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда көп қолдау болып отыр. Әсіресе ауылдық жерлердегі жергілікті тұрғындар осындай бағдарламалардың тиімді тұсын таба біліп, кәсіп ашып, көкжиегін кеңейтуде. Бағдарламалардың басым бағыты кәсіпкерлікті дамыту, сол арқылы жұмыссыздар санын азайту болғандықтан тиімділігін айтпаса түсінікті дей аламыз. Яғни кез келген ниетті жан екі қолға бір күрек тауып, өз нәпақасын өзі табуына мүмкінбік бар. Жалағаш ауданына қарасты М.Шәменов ауылындағы Өтеулиевтер отбасы бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсібін дөңгелентіп отыр. 

Былтыр отбасының тірегі Қайырғали Өтеулі «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 555 600 теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген еді. Мал шаруашылығы саласында мол табысқа кенелуді көздеген ол кейін пайыздық үстемақысы төмен несиемен қорадағы түлік басын түрлендіруге күш сала бастады.Қазір Қайырғалидың қорасында азын-аулақ ірі қара мен уақ мал, 4-5 бастай тайшығар жабағылар тұр. Былтыр қайтарымсыз грант арқылы 2 бас ірі қараға қол жеткізген Қайрекең бүгінде олардың санын 7-8-ге жеткізіпті. 

– Ауылда тұрғаннан кейін мал ұстамай тағы отыра алмайсың. Бірақ ауылда малды күнделікті шәйлық сүт және соғым үшін ғана ұстау керек деген түсініктен арылу керек. Ауылда да қазір кәсібіңнің нәсібін көруге болады. Ол үшін бизнеске салған бір теңгеңе дейін мақсатты жұмсалуы керек. Сонда ғана бастаған ісіңде береке болады. Балалардың барлығы өз алдына үй болды. Қазір қолымдағы немерем қолғабыс болып жүр, – дейді кейіпкеріміз. 

Аула ішіндегі екеуара диалогты алдында 20-30 бас уақ малы бар баланың мал қайырған дауысы бұзды. Жаңа жылқы мен ірі қараны көзіміз шалды, уақ мал жайылымнан енді қайтып жатыр. Қайрекеңнің қорасы да жинақы, түлік санын да түрлендірген. Расында салада жеке табысын еселеуге оның үлкен мақсатпен қадам басқаны айқын аңғарылады. Кейіпкеріміз жыл басында жылқы шаруашылығында өз ісін өрістетуге бел буыпты. Бүгінде ол сол мақсатының да жемісін көріп отыр. “Нәтижелі жұмыспен қамтудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы арқылы үлкен қолдауға ие болған қайраткер атындағы ауыл тұрғыны 4 млн теңгеге 10 бас жылқы алып, үйір ашып қойған. Әзірге оларды бордақылап етін нарыққа шығаруға асықпайды. Себебі ол алдымен мал басын көбейтуге басымдық беріп отыр. 

– Мақсатым – алдымен қорадағы мал басында өсім қалыптастыру. Олардың санын көбейткеннен кейін бордақылауды қолға аламын. Қазір нарықта ет бағасы қымбат. Сондықтан үлкен табысқа жетеріме сенемін. Ауылдық жерде мал азығынан да мәселе жоқ. Жаздың аяғында 2 мың бау шөп орып түсіріп алдық. Кеше сырттан 3 тонна жем алдырдым. Әзірге қыстық мал азығы толық жетеді, – дейді іскер азамат. 

Мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, оны тек өзінің ғана емес, тұтас бір отбасының қажетіне жаратып отырған кейіпкеріміздің бұл жұмысы көпке үлгі. Әрине, 600 мың теңгеге жуық қаражат көп қаржы емес, аз да емес. Бастысы кәсіпке бет бұрғаннан кейін әр тиынын мақсатты жұмсасаң, бүгінгі кейіпкеріміз секілді жұмысыңның жемісін көрерің анық.

Тағы да оқыңыз: