Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиаторлар кеңесінің ұйымдастыруымен мектеп психологтары мен ауыл тұрғындарына арналған семинар-кездесу өтті.
Жиынға «Praktikos» Еуразиялық заңгерлік және медиаторлар одағы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша филиал директоры, ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің төрайымы, жаттықтырушы, эксперт-медиатор Жанна Мирамбекқызы және облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, этномедиация орталығының үйлестірушісі Шахизат Абдраманова қатысты.
Семинар барысында Жанна Мирамбекқызы этномедиацияның қоғамдағы рөлі мен жұмыс бағыттарына тоқталып, ауыл тұрғындарына даулы мәселелерді шешудің тиімді жолдарын түсіндірді. Оның айтуынша, этномедиация – тек құқықтық кеңес берумен ғана шектелмей, қоғамдық келісімді нығайтуға, отбасылық және әлеуметтік түйткілдерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тараптар арасындағы сенімді қарым-қатынасты сақтаудың маңыздылығы мен медиация саласындағы соңғы өзгерістер туралы кеңінен баяндады.
Өз кезегінде Шахизат Абдраманова этномедиация орталығының аймақтағы жұмыс тәжірибесіне тоқталып, жергілікті тұрғындар үшін мұндай кездесулердің пайдасы зор екенін атап өтті. Ол этномедиацияның басты міндеті – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтап, түсіністікке жол ашу екенін ерекше айтты.
Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған құқықтық, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауап алды. Кездесудің негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде этномедиацияның маңызын кеңінен насихаттау және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
