Kyzylorda-news.kz. Бүгінде наубайхана ашып, өз кәсібін дамытып жүрген жастар жетерлік. Мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын деген жандарға біршама мүмкіндік қарастырылғаны да белгілі. Сондай мүмкіндікті пайдаланып, халықты ас атасы – нан өнімімен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлер де баршылық. Кәсіп саласы тек қалада ғана емес, қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде де жүйелі даму үстінде. 

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған Аралқұм ауылдық округіндегі жас кәсіпкер – Ақару Өмірзақ. Ақару бүгінгі күні алғашқылардың бірі болып өзі тұратын аймақта наубайхана ашып, ауыл халқының ризашылығына бөленіп келеді.

Бұл кәсіпке келуіме ең алдымен ауыл әкімі Кенжебек Жанназаров мырза ықпал еткен болатын. Ол кісі маған ауылға осындай кәсіп қажет деп бірнеше кеңес берген еді. Сол кезде мен өзім наубайхана кәсібін қолға алуға бел будым. Жалпы біздің ауылда кемі 4-5 дүкен бар. Олардың көбі нанды қаладан алдыртып жатады.  Қаладан нан алдырудың өзі оңай шаруа емесі белгілі. Яғни, жолға кететін шығынның өзі біршама болып қалады. Сөйтіп, мен нан өнімін қаладан алдырмай-ақ, өзіміздің ауылдан неге жасап шығармасқа деген ойға келдім. Бұл ауылға келін болып түскеніме 3 жыл болды. Өзім түрлі тәттілер пісіріп, тапсырыс қабылдайтынмын. Кейін мемлекеттің қолдауымен қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібімді әрі қарай дамыттым. Шағын наубайхана болған соң, әзірге тек бір адамды ғана жұмыспен қамтып отырмын. Тұрғындар сұранысына байланысты нан өнімдерін дайындаймыз. Бүгінде күніне шамамен 100-дей нан пісіреміз. Халық қалтасына жеңіл болсын деген ниетпен төмен бағада үйден сатып жүрмін. Әлі де өз кәсібімді дамытып, кеңейту жоспарда бар,– дейді кәсіпкер Ақару Амангелдіқызы.

Елімізді дамытушы күштердің бірі – жастар екендігі белгілі. Бүгінгі күні жастар мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, өз кәсіптерін бастап жүр. Ақару да ауыл тұрғындарына түрлі нан өнімдерін ұсынып, алғашқылардың бірі болып наубайхана кәсібін бастаған. Алдағы уақытта жас кәсіпкерге табыс пен сәттілік тілейміз.

8b11e260-c2e9-46db-af30-7bef7fbfd278.jpg

Тағы да оқыңыз: