Kyzylorda-news.kz Қазақ халқы үшін ауыл – тек мекен ғана емес, ұлт руханиятының түп қазығы, қайнар бұлағы. Сан ғасырлық тарихта қазақ баласының тіршілігі ауылмен байланысты болғаны шындық. Бүгінгі таңда да ауыл – ел дамуының алтын арқауы, болашақтың бастауы болып отыр. «Ауыл көркейсе – ел көркейеді» деген аталы сөздің мәні терең. Бұл қағиданы Шиелі ауданына қарасты ауылдардың қазіргі қарқыны мен өзгерістері анық дәлелдеп тұр.

Соңғы жылдары ауданды дамыту бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Оң өзгерістерге бет алған ауданның кейпі өзгеріп, жаңаша түрленіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар, жергілікті биліктің жүйелі жұмысы мен ауыл тұрғындарының белсенділігінің арқасында елді мекендердің еңсесі тіктеліп келеді. Соның жарқын бір мысалы – Бестам ауылдық округіндегі оң өзгерістер.

Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков 2025 жылдың ІІ-жартыжылдық есеп беру кездесуін осы ауылдан бастауы – бекер емес. Себебі, Бестам бүгінде тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да серпінді дамып келе жатқан округтің бірі. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы, бөлім басшылары және тұрғындар қатысты. Өнеркәсіп өркені – заман тынысы Айтбай Жандарбеков бүгінде ел Президентінің, Үкіметтің Сыр өңіріне деген жан-жақты қолдауымен аймақта ауқымды жобалардың жүзеге асып жатқанын айтты. Сондай-ақ аудан көлемінде атқарылған бірқатар жұмысқа тоқталып өтті.

Аудан экономикасының күретамыры саналатын өнеркәсіп саласы айтарлықтай серпін алды. Оның сөзінше, ауданда биылғы 10 айында өнеркәсіп өнімін өндіру 64 млрд 882 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірілген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 102,8 пайызға, өңдеу өнеркәсібі көлемі 54 млрд 369 млн теңгеге жетіп, 102,5 пайызға артқан.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 51 млрд 647 млн теңгенің өнімін өндірді, өткен жыл жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 104,1 пайызға, инвестициялар тарту көлемі 62 млрд 884 млн теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайызға жеткен.

Сондай-ақ пайдалануға берілген тұрғын үйлер жалпы ауданы 63 612 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 16 млрд 822 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 128 пайызды құраған. Сонымен қатар әкім есебінде бөлшек сауда көлемі 13 млрд 285 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,1 пайызға артқанын білдік.

Дамудың дара жолы

Бүгінде аудан бойынша 6447 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның 6243-і белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл – халықтың тек тұтынушы емес, өндіруші, еңбек етуші, өз ісін жүргізуші екенін білдіретін айқын көрсеткіш. Шағын кәсіп – үлкен жетістіктің бастауы екенін дәлелдеп отыр.

Сондай-ақ 2025 жылдың 10 айында мемлекеттік бағдарламалар бойынша жобалық құны 2 млрд 876,6 млн теңгені құрайтын 292 жоба шағын несие және грант қаражатын алып, шаруаларын әрі қарай серпінмен жалғастыруда.

Еңбектің ебін тапқан

Жеріне құт қонған Шиелі ауданы аграрлық аймақ болғандықтан, негізгі шаруасы егін егумен біте қайнасып жатыр.

Биыл аудан бойынша жалпы 30 192 гектар жерге егін егілді. Атап айтар болсақ, күздік бидай 1197 гектар, жаздық бидай 694 гектар, тары 240 гектар, дән жүгері 862,5 гектар, мақсары 1044 гектар, күнбағыс 35,5 гектар, соя 78 гектар, жаңа жоңышқа 2661 гектар, ескі жоңышқа 5409 га, мал жемдік асқабақ 197 га, жемдік жүгері 80 га, сондай-ақ картоп 613 га, көкөнiс 2238,6 га және 2541,8 гектар бақша дақылдары. Ал негізгі дақыл күріштің үлесі 12 301 гектарды құраған. Аудан бойынша егілген 12 301 гектар күріштің әр гектарынан 61,3 центнерден өнім келіп, жалпы 75 405 тонна сыр салысы қамбаға құйылды.

Сонымен қатар, биыл әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда бидай 405 гектарға, жүгері 227 гектарға, майлы дақылдар 212 гектарға және көкөніс, бақша дақылдары 509,4 гектарға ұлғайған.

– Биыл су тапшылығының алдын алу мақсатында ерте көктемде 9500 гектар жер лазерлік тегістеуден өтті. Сондай-ақ 2100 гектар жер тамшылатып суғару әдісімен егілді. Оның ішінде, 700 гектары «Таң ЛТД» ЖШС-гінің дән жүгері дақылы, 1400 гектары әр ауылдық округтер бойынша шаруашылық жерлеріне үлескерлер мен жеке тұрғындар есебінен егілген көкөніс, бақша дақылдары.

Биыл 1197 гектар күздік бидайдан 958 тонна, 694 гектар жаздық бидайдан 278 тонна өнім өндірілді. 1044 гектар мақсарыдан 1044 тонна өнім алынды.

Сондай-ақ егілген 2238,6 гектар көкөністен 55 975 тонна, 2542 гектар бақша дақылынан 72 447 тонна және 613 гектар картоп дақылынан 10 788 тонна өнім жиналды.

Қысқа мал азығын жасақтау мақсатында жалпы 38 мың тонна жем, 52158 тонна жоңышқа шөбі және 35 мың тонна сабан шөбі дайындалды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша Қызылорда облысының 2024-2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, биыл аудан бойынша 1500 гектар жерге бидай дақылын егу межеленген. Осыған сәйкес, бүгінде аудан бойынша 1180 гектар жерге күздік бидай егілуде, 7300 гектар жер сүдігер айдалуда.

Биыл су тапшылығы жағдайының орын алуы аудан дихандарына оңай соқпады. Дегенмен, облыс әкімінің бастамасымен, облыс аумағындағы су тапшылығының алдын алу және егісті судан қалдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Қызылорда облысына еліміздің 19 (он тоғыз) облысынан көмек жіберілді.

Оның ішінде, Шиелі ауданына 8 (сегіз) облыстан (Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы қаласы, Түркістан, Шымкент қаласы, Ұлытау және Жамбыл облыстары) СНП-500 маркалы 10 насос қондырғылары жеткізілді. 8 облыстан 35 қызметкер мен 12 техника жұмылдырылды. Аудан бойынша егісті судан қалдырмау мақсатында жалпы 59 дана СНП-500 маркалы насостар жұмыс жасады. Оның ішінде, 49 дана дизельді және 10 данасы электрлі насостар.

Ауыл шаруашылығы техникалары бойынша ауыл шаруашылық құрылымдары бүгінде жаңа үлгідегі МакДон, Джон Дир, Класс маркалы комбайндарын және AXION, ZOOMLION маркалы тракторларын сатып алып, ауыл шаруашылығы техника паркі жаңа техникалармен толыққан.

Жалпы аудан бойынша соңғы 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен ауылшаруашылығы құрылымдарының техника паркі 65 пайызға жаңарды, – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.

Ашық диалог – сенім кепілі

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер – бұған дейінгі кездесулерде айтылған проблемалардың шешімін тапқаны. Ауыз су, жарық шамдары сынды маңызды түйткілдер шешімін тауып, ауыл тұрғындары өз ризашылықтарын жеткізді.

Кездесуде аудан әкімі округ әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта ауыл әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Іскерлік пен халыққа жақын болу – бүгінгі басшылықтың басты ұстанымына айналғаны қуантады.

Аудан әкімінің келесі аялдамасы – Жуантөбе ауылдық округі. Бұл жиында Айтбай Жандарбеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай ашық әрі жемісті кездесулердің нәтижесінде ауыл халқының мұң-мұқтаждары мен ұсыныстары тыңдалып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бұл қатарда көше жарық шамдары мен ауыл шетіндегі жолдарды жөндеу туралы ұсыныстар көтерілді. Аудан әкімінің айтуынша, осы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын тілге тиек етті. Ауыл тұрғындары бұл игілікті жұмысқа ризашылықтарын білдіріп, әкімдікке алғыс айтты.

Сонымен қатар ауылдағы көркейту және көгалдандыру жұмыстары да ерекше назарға алынды. Аудан әкімі бұл бастамаларды жоғары бағалап, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатысқан азаматтарға алғысын білдірді. Жергілікті тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігі арқасында ауылдың сұлулығы мен жайлылығы артып, таза әрі жасыл орта қалыптасты. Әкімнің айтуынша, мұндай істер тек ауылдың ғана емес, тұтас ауданның дамуына үлкен әсер етеді. Әрбір азаматтың ауыл өміріне қосқан үлесі – оның болашағына қосылған зор күш болып табылады.

Сондай-ақ аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы алдағы желтоқсан айында өтетін ауылдық округ әкімінің сайлауына бір кісідей атсалысып, белсенділік танытуға шақырды.

Кездесу соңында ауыл ақсақалдары өз баталарын беріп, елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға зор табыс тілеп, бірлік пен ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етті. Ауылдың рухани байлығы мен берекесі, халқымыздың өнегелі қасиеттері әрдайым маңызды рөл атқарады. Осылайша, тұрғындар мен әкімдік арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде ауылдың әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымы жақсарып, тұрғындардың тұрмыс жоғарылады.

Жаңарған келбет

Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің бейсенбі күнге жоспарланған кездесуі Ақмая ауылдық округінен басталды. Ауылға аяқ басқан сәттен-ақ өзгерістер көзге шалынады. Ауыл кіреберісіндегі көріктендірілген көгалды аумақ, асфальт жолдар, жаңадан орнатылған жарық шамдары, балалардың шат-шадыман күлкісі естілетін ойын алаңдары – бәрі де елді мекеннің бүгінгі келбетінің жарқын көрінісі.

Осының барлығы – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстардың жемісі. Ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен жол бойындағы қалың жыңғылдар тазартылып, жол жиегі тегістелді. Бұл жұмыстың барлығы – тек инфрақұрылымды жаңарту емес, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етудің де кепілі.

Кездесу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков биыл ауданда атқарылған жұмыстар мен оң өзгерістерді баяндап, ақпараттармен бөлісті. Сонан соң аудан көлемінде атқарылған ауқымды жобалармен танысқан ауыл тұрғындары, өз кезегінде көкейде жүрген сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.

Аудан әкімінің келесі аялдамасы – Тұран ауылдық округі. Бұл жиында Айтбай Жандарбеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, халық үніне құлақ түрді. Мұндағы жұрт алдыңғы есепті кездесулерде көтерген ыза су, көше жарық шамдары мен жол бойында қауіпсіздік белгілерін қою туралы ұсыныстарының орындалғанына дән риза.

Келелі жиын соңында атқарылған жұмыстармен танысып, аудан әкімімен жүздескен тұрғындар алдағы атқарар жұмыстарға сәттілік тілеп, дәстүрге сай қариялар ақ батасын берді.

Ауыл – тек өткеннің көзі емес, болашақтың бастау алар мекені. Сондықтан ауылды дамыту – мемлекет дамуының өзегі. Ақмая ауылындағы игі істер – осы жолда жасалған жарқын қадамдардың бастауы ғана. Ең бастысы – елдің ниеті түзу, сенімі берік. Бұл – кез келген жетістіктің кепілі.

Шиелі.jpeg

М.Ибрагим

Тағы да оқыңыз: