Kyzylorda-news.kz   Қармақшы ауданы, Алдашбай Ахун ауылдық округінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, жаңа нысанмен құттықтады. Сондай-ақ Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Жасұлан Түйменов, төтенше жағдайлар саласының ардагерлері, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңа өрт сөндіру бекеті төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, алдын алу мен салдарын азайтуға, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсім барысында Самат Қыдырбекұлы:

 — Ауылдық округте өрт сөндіру бекетінің құрылысын салу мақсатында 2025 жылы төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен құрылыс материалдары сатып алынып, ауыл азаматтарының қолдауымен гараж құрылысы жүргізілді. Биыл да жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, нысанның материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Қазіргі таңда арнайы өрт сөндіру автокөлігі алынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Осындай игі іске қолдау білдіріп, өз үлесін қосқан ауыл азаматтарына, демеушілерге, атсалысқан барша жандарға ерекше алғысымды білдіремін,- деді.

Іс-шарада бекеттің құрылысына және жабдықталуына үлес қосқан азаматтарға Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының «Алғыс хаты» табысталды. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестік білдірді.

Салтанатты шара аясында өрт сөндіру бекеті мен арнайы техниканың кілттері табысталып, нысанның лентасы қиылды.

Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: