“AMANAT” партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қатысуымен партия филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиында кеңес құрамына өзгерістер енгізіліп, сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы мен «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты қаралды.
Атап өтейік, өткен жылы өңірге бағдарлама аясында 5,5 млрд теңге бөлініп, 443 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі күнге бұл қаражаттың 2,3 млрд теңгесі игеріліп, 283 жоба қаржыландырылған. Ағымдағы жылға бөлінген 5,6 млрд. теңгеге аудандардан ұсынылып отырған 526 жобаны іске асыру көзделуде.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев баяндама жасап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Оның айтуынша кооперативтік жобаларды насихаттау бойынша ауыл халқы арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 27 ауылдан 180 қатысушы қамтылған. Сонымен қатар бөлінген қаржыға биыл 33 ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру жоспарланған. Барлық бөлінген қаржы жоспарға сай игерілуде.
«Бағдарлама аясында бөлінген қаражат кезең-кезеңімен игеріледі. Мәселен, қаржыландыру жоспарына сәйкес қалған қаражат сәуір айында қаралуда, қазіргі таңда сенім білдірілген өкілді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Негізгі міндет – қаржыландыру тетіктерін нақтылап, қалған қаражатты тиімді бағыттау. Сондықтан жобалардың басым бөлігі ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталып отыр», – деді ол.
Бір атап өтерлігі 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін бағдарлама аясында 2023–2025 жылдары несие алған тұлғалардан облыс бюджетіне 237,9 млн теңге көлемінде салық және міндетті төлемдер түсіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 85,3%-ға артқан.
Жиын барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай сөз алып, өз ұсыныстарын жеткізді. Ол өз сөзінде «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл экономикасын жандандырып, халықтың табысын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Сондықтан бөлінген қаражаттың тиімді әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз ету – басты міндет. Әсіресе кооперацияны дамыту арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Әр жоба нақты нәтижеге бағытталып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі тиіс», – деді
Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Бақдәулет Махашов Кеңес жұмысының нәтижелілігін атап өтті. Оның айтуынша өткен жылы аталған кеңестің 6 отырысы өтіп, 15 мәселе қаралған. Нәтижесінде 22 ұсыныс көтеріліп, олар тиісті республикалық және жергілікті органдарға жолданып, кері байланыс алынған. Сонымен қатар, көтерілген мәселелер бойынша 3 рет мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша кәсіп иелеріне ескертулер жасалған.
