Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек ІІІ Интернационал және Жаңажол ауылдық округтерінің халқымен кездесті. Жиын барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде есеп беріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, әр саладағы жетістіктері туралы баяндады.
Қос ауылдық округте ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан. Ауылдар «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Сыр Суы» филиалының «Октябрь топтық су құбыры» бөлімшесі арқылы үздіксіз әрі тұрақты түрде ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
ІІІ Интернационал ауылында маңызы зор жобалардың бірі ретінде шағын футбол және балалар ойын алаңының құрылысы атап өтілді. Құны 49,5 млн теңге болатын бұл жоба қазіргі таңда аяқталуға жақын.
Сондай-ақ, этностар бірлігін ту еткен ауылда Цай Ден Хак, Наурыз, Сахи Жарылқасынов көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына 11,4 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Қорқыт ата, Пак Чен Ир, Амангелді, Қазақ, Цай Ден Хак көшелерін жарықтандыру жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жалпы құны 11,7 млн теңгені құрады.
Ауданымыз ауыл шаруашылығына бейімделген аудандардың бірі болып табылады. Бұл бағытта Жаңажол ауылдық округінің рөлі айрықша. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 5406 гектарды құрайды. Биыл «Жаңажол» ЖШС тарапынан 3100 га жерге күріш, 323 га жерге бидай, 469 га жаңа жоңышқа, 600 га ескі жоңышқа, 5 га алма бағы, 39 га жүгері, сондай-ақ 5 га жерге картоп егілді. Бұдан бөлек, жеке тұрғындар тарапынан 35 га жерге бақша дақылдары отырғызылды.
Дүр Оңғар ауылында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл – аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен қолға алынған маңызды жоба.
Халық денсаулығы – басты құндылық. Осы ретте ауыл тұрғындарына сапалы әрі уақытылы медициналық қызмет көрсету үшін дәрігерлік амбулатория тұрақты жұмыс істеп тұр.
Кездесу барысында тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды. Сонымен қатар, аудан әкімі Жандос Еркінбек азаматтарды жеке қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.