Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің халықпен кездесуі жалғасуда. Аудан әкімінің бастамасымен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Биылғы жылы шалғайда орналасқан Тәйімбет Көмекбаев және Қуаңдария ауылдық округтерінде бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Т.Көмекбаев ауылында тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен және бақша өнімдерін егумен айналысады. Бұл бағытта бүгінде 5 шаруа қожалығы жұмыс жасап, ауыл экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Ауыл халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету «ОДСП Арал» мекемесінің өндірістік бөлімшесі арқылы жүргізіліп, қазіргі уақытта ауыз су мәселесі толық шешілген.

Инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Биыл Жаңақала және Балқы Базар көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 10,3 шақырымды құрайтын 11 көшенің барлығы толық жарықтандырылды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік және Балқы Базар көшелерін орташа жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар демеушілік қолдауымен әзірленіп, сараптамадан өтуде. Жыл соңына дейін жобалар бюджетке ұсынылатын болады.

Ауыл тұрғындары мәдениет саласында да жақсы жетістіктерге қол жеткізуде.  «Аламан құрақ» жобасы аясында әлемдік рекордтар кітабына енсе, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында елді мекен азаматтары облыстық кезеңде бірінші орынды жеңіп алды.

Қуаңдария ауылдық округінде де мал шаруашылығы мен бақша өнімдерін өсіру негізгі бағыт болып табылады. Сондай-ақ жастар мен тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында ауылдағы спорт алаңының жанынан воркаут алаңы орнатылды.

2023 жылдан бері облыс көлемінде өткізіліп келе жатқан елді мекендерді абаттандыруға бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсында Қуаңдария ауылдық округі биыл үздік деп танылып, 15 млн теңге көлемінде сертификат табысталды. Сонымен қатар Қуаңдария және Жеңістің 40 жылдығы көшелеріне арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамадан өтсе, Гагарин көшесіне арналып әзірленген жоба да жыл соңына дейін сараптамаға енгізіледі.

Ауыл маңындағы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын Таңатар каналы 27 млн теңгеге тазартылып, су жеткізу мүмкіндігі жақсарды.

Кездесуде Жандос Еркінбек әр тұрғынның көтерген мәселесіне заңға сәйкес жауап беріп өтті. Сондай-ақ жеке қабылдау да өткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Аудан бойынша ауылдық округтерді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың ұсыныстары негізінде жаңа жобалар іске асырыла бермек.

Қармақшы жаңа жобалар 2.jpg

Тағы да оқыңыз: