Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі біздің  бағытымыз – Қосшыңырау ауылдық округінің орталығы саналатын Абай ауылы. Орайы келгенде айта кетелік, «Ауыл –  ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қалаға қарайтын ауылдардың тыныс-тіршілігін жазуды дәстүрге айналдырдық. Мақсатымыз – ауылдың  тіршілігін көзбен көріп, көңілге түю, шынайы ауылдың бейнесін сол қалпында оқырманға жеткізу.

Болашағы болымды ауыл

Көнекөз ауыл қарттарының айтуынша, 1952 жылы Интернационал, Казрис, Жыңғылды көл, Абай колхоздары бірігіп, Интернационал ауылдық советі, орталығы Абай колхозы болып құрылыпты. 1997 жылға дейін Сырдария ауданының құрамында болып,  егін, мал шаруашылығымен айналысқан. 1997 жылдан бастап Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау ауылдық округі болып бекітілген. Абай ауылында  дүрілдеп тұрған өндіріс орны, селт еткізер серпінді жоба болмаса да кәсіпкер азаматтар ауылды көркейтуге атсалысқан. Ауылдағы аялдама, мешіт, тіпті мектеп ішіне әжетхана салу да ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен жүзеге асқан. «Ауылын көріп азаматын таны» деген тәмсіл осындайда айтылса керек. 

Қосшыңырау ауылдық округінде 3643 адам тіршілік етеді. Мұнда мал шаруашылығымен айналысатындар көп екендігі байқалады. Осы ауылдың орталығына  табан тірегенше жол бойында құлынды бие, сиыр, жылқылар ауылдың берекесін кіргізіп, көкке тояттап жайылып жүрді. «Малдының беті жарық...» деп Абай атамыз айтқандай тап-тұйнақтай ауылда береке бары сезіледі. Ауылға кіре берістегі Досан елді мекеніндегі 5 көшеге асфальт төселмекші. Биылғы бөлінген қаржы елді мекеннің түнгі көше жарығын орнатуға және Д. Елеусінов көшесіне жаяу жүргінші жолын салуға бағытталыпты.  Сонымен қатар осы елді мекендегі 10 көшеге қиыршық тас төсеу, медициналық бекет салу жоспарланыпты. Бүгінде Абай мен Досан ауылдарын газдандыру жұмысы басталған. Құрылыс-монтаж жұмысын осы жылдың қазан айында аяқтау межеленген.  

Кәсіп түбі – береке

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасын ілгерілетудің ең негізгі тетігінің бірі. Мемлекет тарапынан жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тиімді мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Бұл ауылды көркейтіп, әлеуетін арттырып, жұмыссыздықты жоюға оң әсерін бермек. 

Бүгінде ауылдық  округте 213 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Биылдың өзінде 13 кәсіп иесі тіркеліп, 14 жаңа жұмыс орны ашылған. Былтырғы жылмен салыстырғанда  кәсіптен нәсіп көргендер саны  30 пайызға жоғарылаған.  Бұл дегеніңіз заманға қарай бейімделген  ауылдықтардың  да кәсіпкерлікке бет бұрғанының көрінісі.  

Баянды бағдарлама игілігі

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы ауыл халқы үшін тиімділігін көрсетуде. Осы бағдарлама аясында Досан ауылындағы №1көшеге жарық бағандарын орнату үшін қаржы бөлінген. Осы елді мекендегі көшелерді орташа жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Ал қалалық бюджеттен Абай ауылындағы саябақтың ағымдағы жөндеу жұмысына 5 млн теңге көлемінде қаржы бөлінсе, ауылдағы жолды жөндеу мақсатындағы жобаның сметалық құжатын дайындауға қомақты қаржы қаралған. 

Ауыл әкімі Сейдуәли Әбдіқадыровтың айтуынша , Абай ауылындағы сиыр фермасы жер телімінің жол құрылысына, ауыз сумен қамту жұмысына жоба сметалық құжатының сараптамасы дайындалған. 

– Досан ауылындағы көшелерге жарық бағанын орнату үшін, Абай ауылына балалар ойын алаңын салу үшін жоба сметалық құжаты дайындалып, сараптама қорытындысы әзірленген. «Дарбас», «Арғын» бейіттерін қоршау жұмысының жоба-сметалық құжаты дайындалған. Абай ауылындағы Махамбетов пен Шоқатай көшесіне және Досан ауылындағы Д.Елеусінов көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін, Абай ауылына кіреберіс жол мен Досан елді мекеніндегі бірнеше көшеге жарық бағанын орнату үшін жоба-сметалық құжаты әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржы сұратылуда. Абай ауылындағы сиыр фермасы жер теліміне ауызсу құбырын жүргізу жобасы  жүзеге аспақ. Бұл жобаның құны 81,1 млн теңгені құрайды. Аталған жобаларға қалалық құрылыс бөлімі арқылы облыстық энергетикалық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған, – дейді ауыл әкімі. 

Білім ордалары

Қазіргі №138 Абай атындағы мектеп 1937 жылы бастауыш мектеп, 1951 жылы жеті жылдық мектеп болып құрылды. Бастауыш мектеп кезінде Досеке Міркемелов, жеті жылдық мектепке айналғанда Бақытжан Бекішов мектеп басшысы болған. Мұнан соң мектепті Ақберген Мұсабаев, 1956 жылдан кейін Нәби Ерманов, Нұртаза Жанғабылов, Кәри Ерназаров, Ғани Сейдахметов, Шонжар Бимұрзаев, Әбсаттар Әбдіғаппаров басқарды. 1998 жылдан мектеп директоры қызметіне Сақтан Бермағамбетов келді. Бүгінде білім ошағына Кенжегүл Қуанышбаева басшылық жасайды. Ал №280 орта мектептің директоры – Жанат Көмекбаева. 

Ұлы ақын  атындағы №138 Абай атындағы орта мектеп пен Досан ауылындағы №280 орта мектепте 2 ауысымда 902 оқушы білім алуда. 
Бір қуанарлығы, мектептер іші тап-тұйнақтай, тап-таза. Биылғы оқу жылы бойынша  №138 мектепті 475 оқушы бітірген. Оның 20-сы 11 сыныпты бітіріп, 17-сі ҰБТ-ға барады. 1 алтын белгі бар.  Ал №280 мектепті 387 оқушы бітірген. 

Мектепке дейінгі білім беру бойынша Абай ауылында «Ата Мұра Орда» деп аталатын 100 орындық жеке балабақшада 85 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Әжелер ансамблі бар

«Ақниет» әжелер ансамблі 2014 жылы мәдениет үйі жанынан құрылған.12 өнерпаз әже аудандық, облыстық байқауға қатысып, ауыл мәдениетінің шамшырағы болуда. Ақ жаулықты әжелер ансамблі алғаш құрылғаннан «Дәстүрімнің бал қаймағы әжелер» атты қалалық байқаудың бас жүлдесін иемденді. 2019 жылы «Әжелер – алтын қазынам» атты қалалық ансамбльдер арасындағы байқауда III дәрежелі диплом, 2022 жылы «Ұлағат болсын ұлына, ғибрат болсын қызыңа» атты облыстық әжелер арасындағы байқауда 2- орынды еншіледі. Абай ауылы өнегелі әжелерін мақтан етеді.

Жан азығы – кітапхана

Елді мекендегі №5 кітапхана мәдениет үйінің бір бөлмесінде орналасқан. Үстіңгі қабатта орын тепкен кітаптар әлемімен кітапханашы Күлайша Сынасапова таныстырды. Ұзынша келген бөлмеде кітап сөрелері  қаз-қатар орналасыпты.  Күлайша Жұмашқызы рухани байлықтарды реттеп жатыр екен. 30 жылдық жұмыс өтілі бар кітапханашыны әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Күнделікті жұмыс барысы кітаптарды реттеу, жүйе бойынша орналастыру, кітап қорын тексеру сияқты тірліктен басталады. Барлығы өзінің тәртібі бойынша тұруы қажет. Мәселен, мына сөредегі кітапты әр сала бойынша қойып жатырмын. Бұрын әріптік жүйе болса, қазір салаға қатысты орналастырылады. Одан бөлек мына жерде кітап қорын түгелдеймін. Қандай дүние қажеттігін анықтап, тиісті орынға сұраныс жіберемін. Әзірге, ел сұранысындағы керекті кітаптан тапшылық жоқ. Ауыл оқырмандарының іздегені табылуда, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Кітапхананың бір шетіне М.Әуезовтің кітаптарынан «Абай» бұрышы жасақталыпты. Ол жазушының бас ақын туралы еңбектері мен «Абай жолы» роман-эпопеясынан құралыпты. Ал бір жақ қабырғадағы сөре арнайы биылғы мерейтой иелеріне арналған. Ұлы тұлғалар туралы танымдық материал, кітап, журналмен толысқан. Кітапхана РАБИС бағдарламасымен жұмыс істейді. Электронды каталогқа 3824 дана, 1839 аталым кітап, 563 мақала енгізілген. Сондай-ақ сұраныстағы жалғыз түйір кітап болса, оны аудиодискіге көшірген. 
Сонымен қатар мұнда сегіз салаға қатысты, әдебиет, проза, поэзия тағы басқа да бағытты қамтыған 23 мың 342 кітап бар екен. Мемлекеттік тілдегісі – 16137. Кітап қоры аз емес. Қажетті кітап сұраныс арқылы жеткізіледі. Ал осыншама байлықты іздеуші бар ма екен? Бүгінгідей телефонға телмірген мезетте жастар кітап оқымайды деп жатады. Көкейдегі бұл сауалға да қонымды жауап алдық. Кітапханашы 900-ге жуық оқырман барын мақтанышпен жеткізді. Оның ішінде зейнеткер, жастар, оқушы, ұстаздар бар. Ол заманауи үрдістен қалмай, жастардың талабына сай болуды көздейді.

Келіні жақсының керегесі алтын

Осы ауылдағы Надежда   Лукьянова есімді келіншек – көп баланың анасы. Надежда 11 баланы дүниеге әкелген. Ол ауылдағы алтын құрсақты 15 баланың анасы марқұм Нағима Аймағамбетованың немере келіні екен. Кезінде Нағима анамыз ырымдап, Надежданың аузына түкірген көрінеді. Таңқаларлығы, орыс қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, ұлттық салт-дәстүрді берік сақтаған. Ол 11 баланы бағып-қағуда ешқандай қиындыққа мойынұсынбайтынын айтады. Отбасының ұйытқысы болу, ерін сыйлау, кішіпейілділік сияқты ізгі қасиет қара шаңырақтан алған тәлімі.

– Менің мақтанышым – құдай қосқан қосағыммен балалардың қызығын бірге көру, – дейді бізбен әңгімесінде жас ана.

– Көпбалалы шаңырақта тәрбие алған сәби бір-біріне бауырмал келеді. «Әйелдің бақыты – баласында» дейді емес пе. Маған сәбидің сыңғырлаған күлкісі қуаныш сыйлайды. Мен де құдай қаласа 15 баланы дүниеге әкелген батыр ана Нағима Аймағанбетованың жолын қуамын, – дейді ол. 

Шын мәнінде, отбасында барды қанағат етіп, ерін піріндей көретін бұрымдылар азайып бара жатыр.  Он бір баланы дүниеге әкелген Надежда әйел бақытына лайық жан. Отағасы Бауыржан екеуі шаңырақ көтерген күннен балалы үйдің базарлы екенін ұғына білді. 

Дені саудың – жаны сау

Қосшыңырау ауылдық округінің халқы облыс орталығындағы №6 емханаға қаралады. Дегенмен елді мекенде алғашқы жәрдемді көрсететін дәрігерлік амбулатория бар.   Емдеу орнына барып, дәрігермен аз-кем тілдестік.

– Біз алғашқы көмекті көрсетеміз. Балалардың қызуы көтеріліп, аяқасты болған шақыртуға өзім барамын. Ал күрделі жағдай болса  «Жедел жәрдем» келеді. Негізінен «Жедел жәрдем» Қарауылтөбе, Досан, Қосшыңырау ауылдық округтеріне арналған. Науқастың сырқатына қарай дәрі-дәрмегін жазып беремін. Күндізгі стационарда уақытылы келіп, ем қабылдап жатқан тұрғындар бар. Одан бөлек, қаладағы №6 емханаға жолдама беремін. Сол жақтан тиісті дәрігерге көрінеді. Ауыл тұрғындары тегін дәріні дер кезінде алуға мүмкіндік бар, – деді аймақтық дәрігер Ақерке Базарова.

Емхананың іші де заманауи құралмен жабдықтылғаны көзге көрініп тұр. Бұдан Қосшыңырау ауылдық округінде сапалы дәрігерлік көмек көрсету мәселесі шешімін тапқаны айқын аңғарылады.

Мәдениет мәйегі

Абай ауылындағы мәдениет үйі тұрғындардың рухани ләззат алып, жан дүниесін азықтандырар мекені саналады. Сондықтан руханият ошағына ат басын бұруды да жөн көрдік. 

Ә, дегеннен-ақ, мәдениет үйінің әдіскері Әйгерім Исабаева ұжымның жұмыс барысын баяндады. Ойыңды айтпай түсініп, тыныс-тіршілігімен таныстырып жатыр. Типтік үлгідегі нысанның іргесі 1987 жылы қаланыпты. Еліміз тәуелсіздік алған жылы ел игілігіне берілген. Содан бері ауылдың мерейлі мерекесі, көңілді кеші осында аталып өтеді. Бар-жоғы 5 бөлмеден тұратын екі қабатты шағын ғимарат мәдени өмірдің мәйегіне айналғалы да ширек ғасырдан аса уақыт өткен. Содан бері мұндағы түрлі рухани кешке, кездесу мен жиынға, мереке, думанға асыққан халықтың легі толастамаған.  

Ауылда әсем ән мен тәтті күйді әуелетіп, жұртшылықтың ата-баба дәстүрі, әдет-ғұрпымен сусындауына мәдениет ошағындағы қызметкерлердің үлесі зор. Кез келген мәдени іс-шараның өз деңгейінде өтуіне  жұмыла атсалысады. Маманның айтуынша, ауыл жұртшылығы өнерлі. Сегіз қырлы, бір сырлы жан көп. Әсіресе жас жеткіншектердің өнерге деген ықыласы ерекше. Сол себепті оларды өнерге баулу, бос уақытын тиімді пайдалану үшін арнайы ән айту, домбыра тарту, көркем сөз үйірмесі ашылған. Сабақтан тыс уақытта оқушылар осында келіп, қарым-қабілетін жетілдіреді.          

Қазіргі таңда мәдениет үйі тек мерекелік іс-шарада ғана есігі ашылатын нысан емес. Қысы-жазы тұрғындардың басын қосып, мәдени шара өткізіледі. 
         
Хакім Абай көшесі 

Ауылдық округтің орталығы болған Абай ауылында А.Құнанбаев атындағы көше бар. Елді мекен ұлы ақынның атын иемденгелі бар көше. Қуанышқа орай, бұл аумақтың ахуалы жақсы екен. Көшеге 2012-2013 жылдар аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Содан бері тұрғындар асфальтталған көшенің игілігін көруде. Түнгі жарық мәселесі де оң шешіліпті. Ауылдағы мектепке апаратын негізгі жол теп-тегіс, түнде жап-жарық. Сол арқылы тұрғындардан бөлек, ұстаздар мен оқушыларға да жағдай жасалған. Хакім Абай атындағы көшенің талапқа сай болуына жергілікті тұрғындардың да үлесі бар.

Жайсаңдар туған текті  жер

Әдетте қай ауылға барсақ та бұл жерден қандай текті ұрпақ өсіп-өнгенін білуге, оны көпшілікке жария етуге құлшынып тұрамыз. Себебі кейінгі толқын өткен тарихты біліп, туған жерін тұмарлаған  текті жандарды танысын деген ниетіміз бар. Сол үшін өткен тарихты тірілту бүгінгі ұрпаққа парыз саналмақ. 

Абай атындағы ауылды сөз еткенде ондағы еңбек адамын атамай өту мүмкін емес. Егін шаруашылығында жоғарғы көрсеткішке жеткен дихандар, механизаторлар баршылық. Олардың қатарында 10000 центнер астық бастырып екі мәрте одақтық көрменің жеңіл көлігін жеңіп алған Әлайдар Ысқақовты ерекше атауға болады. Темірбек Әбуов, Төрехан Төлегенов, Айдар Омаров, Қарымсақ  Батырбеков, Якуда Ысқақов, Бақытбек Шайкемелов, Жайман Пірмағамбетов, Қабылда Бимекенов секілді механизаторлар ел ырысына үлес қосқан азаматтар. Осы ауылдан түлеп ұшқан облыстық дәрежедегі қайраткер Жүсіп Бисариев, Еңбек Ері О. Әбішов, министрлер Мүсілім Базарбаев, Ибрагим Еділбаев, ғалымдар Ә. Жаманқұлов, Т. Тұрлығұлов, белгілі дихан, ауыл шаруашылығының білікті қайраткері Досан Елеусіновтерді өмірге әкелген қасиетті мекен. 

Абай ауылының киелі топырағы қабырғалы қаламгер, арқалы ақын, дарынды драматург, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иранбек Оразбаевқа, белгілі ақын-композитор, ардагер-ұстаз Ділдахан Торғаеваға өмір сыйлаған қастерлі ауыл.

Қала орталығынан бірнеше шақырым алыс жатқан ауыл осыншама текті жандарға алтын бесік болғанын біреу білсе, біреу білмейді.  

Өткенге оралып сабақ алмай,  болашаққа бағдар жасау  ұрпақ сабақтастығын бағаламауға алып келеді. Сондықтан бүгін рухани алтын сандықтың көмбесін ашып, оқырманға ауылдың өткен шағынан дерек беріп, қазіргі келбетіне саяхат жасадық. Ғасыр бедеріндегі жылдарда шежірелі тарихқа куә болған ауыл өркендеп, өсе берсін! Себебі ауыл – ел бесігі, өркениет өлшемі, жылдар жемісі екенін ұмытпауымыз керек.

Тағы да оқыңыз: