Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданындағы Бесарық ауылдық округінде бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен,Үкімет және облыс әкімінің қолдауымен нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл жайында ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев айтып берді.
Бүгінде ауыл 2437 адам тұрады. Оның 1011-і экономикалық белсенді халық. Ауылдық округте 2024 жылдың 1 қарашасына тіркелген кәсіпкерлер саны – 299, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 294 болып, тіркелгендер үлесі 98,3 пайызды құрайды.
Жыл басынан бері Бесарық ауылында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 46 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде, құны 1 млрд 78 млн теңгенің 30 жобасы несие болса, 23,6 млн теңгенің 16 жобасы қайтарымсыз грант қаражаты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекенде «Сыр құсы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, құны 27,6 млн теңгенің «Құс етін өндіру» жобасы іске қосылды. Нәтижесінде, 5 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Бүгінгі таңда құс етін өндіру үшін 3 бройлер тауық фермасы және 4500 дана бройлер балапандары сатып алынды.
Бройлер тауықтары 35-40 күн ішінде 3 келіге дейін өседі. Мұнда бүгінге дейін 80 тонна құс еті өндірілді. Келісім-шартқа сәйкес құс еті Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы қалаларының сауда нүктелеріне сатылуда.
«Ауыл аманаты» жобасына ауыл халқының қызығушылығы жоғары және қатысу белсенділігі де артып келеді. Мәселен, биыл Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 62,7 млн теңгенің 6 жобасы қаржыландырылды.
Аймақ басшысы елді мекендерге жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, ауылдық округтерді дамыту, әлеуетін жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта биыл «Абай-Даулет» серіктестігінің демеушілігімен елді мекен орталығында көлемі 3600 шаршы метрді құрайтын шағын өндірістік аймақ салынды. Өндірістік аймақта 12 кәсіпорын орналасқан. Қазір жеке кәсіпкерлер нысанды ақысыз, тегін пайдалануда. Жоғарыда аталған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылған 6 жобаның 3-і өндірістік аймақта орналасқан. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Гүлмира Смағұлова
7 млн теңгеге «Наубайхана ашу» жобасын жүзеге асырды. Наубайханада нан өнімдері, тәттілер өндірілуде. Екіншісі, жеке кәсіпкер Гүлнара Дүкенбаева 6 млн теңгеқаржыға «Кондитерлік цех» жобасын іске қосты. Үшіншісі, шұлық өндіретін цех. Құны 5 млн теңгенің жобасын жеке кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаева бастады. «Ауыл аманаты» жобасынан бөлек 4 кәсіпкер «Өңірлік инвестиция» орталығы арқылы кәсібін бастап, өндірістік аймаққа орналастырылды.
Оның қатарында құны 15 млн теңгеге тігін цехы, ағаш бұйымдары, ою-өрнектер өндіретін цех, 12 млн теңгеге сабын өндіретін цех, 12 млн теңгеге пластикалық бөтелке өндіретін цех және 6,0 млн теңгеге жұмыс қолғабын өндіретін цех жұмысы бар. Осы ретте жоғары аталған өндірістік аймақта жеке қаражат есебінен 5 кәсіпорын халыққа қызмет көрсетіп жатқанын айтқым келеді.
Біріншісі – «Қызылорда» шағын маркеті, екіншісі – «POMIDOR» асханасы, үшіншісі – «Морганн» фаст-фуд өнімдері, төртіншісі – «Фри» шығаратын зауыт және бесіншісі – тұшпара цехы. «Қызылорда» шағын маркеті елді мекен тұрғындарына азық-түлікті төмен бағамен ұсынуда.
Өндірістік аймақтан бөлек, Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» жобасымен құны 44,7 млн теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, «Зейнеп» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне «Егін шаруашылығы» жобасына 29,5 млн теңге берілді. Бүгінгі күнге кооператив қажетті техникасын алды. Екінші – «Бөдене еті мен жұмыртқасын сату» жобасын жеке кәсіпкер Айгерім Абай іске асыруда. Жеке кәсіпкер 9,2 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Үшіншісі – «Фото-видео студиясын ашу» жобасы 6 млн теңгеге қаржыландырылып, жеке кәсіпкер Ғабит Бектасов жұмыс жүргізуде.
Елді мекенде Ел Президентінің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша нәтижелі жұмыстар алдағы уақытта да атқарылатын болады.
Ауылымызда «AMANAT» партиясының жобалары да тұрақты жүзеге асуда. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобалары бойынша аға буын өкілдері мен зейнеткерлерге, тыл және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Мемлекеттік әріптестік аясында «Абай-Даулет» серіктестігінің демеушілігімен ауылдық округте бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы Бесарық ауылдық округінде «Абай-Даулет» серіктестігінің демеушілігімен 697 млн теңге инвестиция тартылды. Атап айтар болсам, серіктестік шағын өндірістік аймақ құрылысын 520 млн теңгеге жүргізді.
«Абай-Дәулет» серіктестігі тарапынан 70 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Үлкен залға жаңа орындықтар орнатылып, мәдени нысанның іші және сырты заманауи талаптарға сай жаңарды. Серіктестік көлемі 3800 шаршы метр болатын Орталық алаңды брусчаткалау, субұрқақ орнату, ауыл паспортын жөндеуге 40 млн теңгеге демеушілік көрсетті.
Сонымен қатар, 35 мл .теңгеге 2000 шаршы метр болатын «Рәміздер алаңын» брусчаткалап, газон егу, жарықтандыру және қоршау жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ауылды абаттандырып, көркейтуге 32 млн теңгеге қаржылай көмек көрсетті. Серіктестік тарапынан ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдаулар тұрақты жасалып келеді.
Жыл сайын ауыл тұрғындарына, оның ішінде шаруашылық қызметкерлеріне көмірмен, азық-түлікпен қолдау көрсетіп, ардагерлерді шипажайларға, оқушыларды демалыс лагерьлеріне жіберуге үлес қосып келеді. Одан бөлек, серіктстік соңғы 5 жылдың көлемінде үздік шаруашылық қызметкерлеріне 9 автокөлік сыйға тартты.
Осындай мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ауылда өзекті деген мәселелер өз шешімін табуда. Өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік саласы дамуда және әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді.
Алдағы уақытта да Бесарық ауылында мемлекеттік қолдаулар және демеушілік арқылы кәсіпкерлікті, оның ішінде өндірісті дамыту жұмыстары жалғасатын болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ