Kyzylorda-news.kz. Аймақта ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және ауылдағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағытында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. 

Аталған жобаның облыста жүзеге асырылуына биыл 3,0 млрд. теңге қаржы бөлінді. 

Ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап жоба аясында құжаттарды қабылдау басталды. 

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жобаны ауқымдау шеңберінде берілетін микрокредиттер сенім білдірілген өкіл (агент) - «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ы арқылы ұсынылады. Жалпы бағдарлама 5 бағыт бойынша қаржыландырылады. Оның ішінде, өңдеу, егін, кооперацияны дамыту, мал және басқа да бағыттағы бизнес жобалар.

Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы - ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.  Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8,0 мың АЕК.  Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5  пайыздан аспайды. 

Сондай-ақ микрокредиттер мына тұлғаларға беріледі: 

- жұмыссыздар;

- зейнеткерлік жасқа жетпеген қысқартылатын жұмыскерлер;

- дара кәсіпкерлер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын адамдар немесе әрекетсіз дара кәсіпкерлер;

- отбасылық кәсiпкерлiкте еңбекақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын адамдар;

- жеке қосалқы шаруашылықта сату (айырбастау) үшін өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейiнен аз адамдар;

- табысы ең төменгі күнкөріс деңгейiнен аз өндірістік кооператив мүшелері;

- ісін жаңадан бастаған немесе жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер.

Айта кететін жайт, микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға қарастырылады.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша бизнес-жоспар әзірлеуге кеңес алу үшін Қызылорда облысының Кәсіпкерлер Палатасына, «Бизнеске арналған үкімет» КММ-не хабарласуға болады.

Сонымен қатар, бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар тізбесін және кеңес алу үшін жергілікті әкімдікке жүгінуге болады. Жобаның шарттарына сәйкес келетін бизнес құжаттарының тізбесі жергілікті әкімдікке ұсынылады. Өз кезегінде, жергілікті әкімдік жинақталған құжаттарды «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-на жолдайды.

365102215_3491616977778195_5647192213181379427_n.jpg

Тағы да оқыңыз: