Kyzylorda-news.kz «Ауыл аманаты» жобасы – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған маңызды бастама және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған. Халықтың жартысынан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр өңірі үшін бұл жобаның маңызы зор.
Ауылдағы ағайынның кәсіп көзін тауып, табысын жақсартуы үшін жобаны жүзеге асыруға өткен жылы облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша «Amanatnesie.kz» порталы арқылы 2,5 млрд. теңге бөлініп, 355 жобаны жүзеге асырып, 386 жұмыс орындарын ашу көзделген.
Бүгінгі күнге «Amanatnesie.kz» порталы арқылы 2,2 млрд. теңгеге 339 жоба қаржыландырылып, 360 жұмыс орны ашылатын болады.
2025 жылға аталған бағдарлама аясында 5,5 млрд. теңге қаржы қаралып, 815 жобаны іске асыру арқылы 886 жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Басымдық өндірістік жобаларға, яғни шағын цехтар, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығы секілді жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысын дамытуға бағытталды.
Бүгінгі күні өңірімізде жобаның жемісін көре бастаған азаматтар қатары артып келеді. Кәсіпкерлік саласы түрлі жобалар арқылы даму үдерісінде. Шиелі ауданында өз кәсібінен өнім өндіріп отырғандардың бірі - “Барлыбай и К” цехының иесі Қанат Мұсаев. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында қызанақ пастасын шығаратын цех ашқан болатын. Бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.
- Бүгінде 10-нан астам өнім түрлері оның ішінде томат пастасы, аджика, салат, қарбыз, қауын балы шығарылуда. Бұл өнімдер облыс көлемінде, Астана, Қарағанды, Алматы өңірлеріне өткізілуде. Биылғы жылға 100 мың банка шығарылды. Шикізат ретінде өзіміздің еккен қызанақ, қауын қарбыз тәтті, ащы бұрыштарды өңдеп, консерві шығарып жатырмыз. Маусымаралық кезеңде 10 адам жұмыс жасайды. Болашақта өнім түрлерін 20-ға жеткізіп, сусын түрлерін де шығару жоспарлануда,- дейді Қанат Мұсаев.
Бұдан бөлек, Сырдария ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Сыр құсы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 27,6 млн. теңге жеңілдетілген несие алған.
Жоба бойынша аталған қаржыға шағын 3 типтік құс фермасы (птичник) салынған. Жамбыл облысы Тараз қаласынан әр птичникке 1500 бас бройлер балапандары алынып (барлығы 4500 бас шөже), бағылады. Шөжелердің басты ерекшелігі олардың ептілігінде, олар 30-55 күн ішінде сойылады және қысқа уақытта 2,0 -2,5 кг ет береді.
Бүгінгі күнге 45 тонна құс етін өндіріп, ішкі нарыққа төмен бағада өткізілуде. 5 адам жұмыс қамтылды.
Фото: Облыстық қоғамдық даму басқармасы