Kyzylorda-news.kz Бүгінгі «Ауыл аманаты» айдарындағы біздің кейіпкерлеріміз Ақсуат ауылдық округінің тұрғындары Аралбаевтар әулеті. Олар өздерінің алғашқы отбасылық кәсіптерін «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы арқылы ашып, шұлықтар өндіруді қолға алған.
«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, анасы Сәрсенкүл мен баласы Нұрболат корпорация арқылы ұлттық жоба аясында өткен жылдың қараша айында 5 млн теңге көлемінде несие алып, оған соңғы үлгідегі шұлық дайындайтын құрылғы сатып алған. Бүгінде цехта жыл мезгілдеріне арналған шұлықтың бірнеше түрлері дайындалып, сатылымға шығарылуда.
— Ашылғанымызға көп болмаса да, халықтың сұранысы арта бастады. Бүгінде цехта әзірге күніне 300-400 дана шұлық әзірлеудеміз. Ол өнімдерді өзіміздің ауылдық округта және қаламыздағы дүкендерге өткізудеміз. Сондай-ақ, базардан арнайы сауда нүктесін жалға алып, шұлықтарымызды сол жерден сатудамыз, – деді Нұрболат Әбдіраман.
Кәсіпкердің айтуынша, биыл да аталмыш бағдарлама арқылы тағы да несие алып, кәсібін кеңейтпекші. Сол мақсат жүзеге асса, арнайы тігін фермасын ашуды көздеп отыр.