Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасында ауыл халқының тұрмысын жақсарту мен кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық берілген. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.
Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бүгінде оның тиімділігі нақты нәтижелер арқылы көрініс тауып отыр.
Қызылорда қаласына қарасты 2 кент пен 7 ауылдық округте жоба аясында көптеген тұрғындар жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізіп, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Соның бірі – Талсуат ауылдық округінің тұрғыны Жанат Токмейлова.
Ол 10 жылдан астам уақыттан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Кәсібін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 7 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қаржыны мал басын көбейтуге және шаруашылығын дамытуға жұмсаған.
Қазіргі таңда Жанат Токмейлова «НҰРАЙ» жеке кәсіпкерлігі арқылы тұрғындарды қолжетімді бағадағы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде. Шаруашылықта 200 бас жылқы, 150 бас сиыр және 100 бас қой өсіріледі. Сонымен қатар кәсіпкердің жеке фермасы мен шағын дүкендері тұрақты жұмыс істейді.
«Ауыл аманаты» жобасы біз секілді ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік берді. Мемлекет пен партияның қолдауының арқасында кәсібімізді кеңейтіп, мал басын арттыруға жол ашылды. Біздің басты мақсатымыз – халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», – дейді кәсіпкер.
Жанат Токмейлова кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Ол аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларына тұрақты түрде атсалысып келеді.
«Қоғамға пайдамды тигізіп, мұқтаж жандарға қолдау көрсету – азаматтық парызым деп есептеймін. Адамдардың алғысы бізді жаңа бастамаларға жігерлендіреді», – дейді ол.
Кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Талсуат ауылынан аукцион арқылы 15 гектар жер телімін алып, мал бордақылау алаңы мен өндірістік цех салуды көздеп отыр.
Осылайша, «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, кәсібін кеңейтуіне және тұрақты табыс табуына мүмкіндік беріп, ауыл экономикасының дамуына үлес қосуда.

