Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы «Халықпен бірге!» деп аталатын 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында медициналық қызметке қол жетімділікті арттыруға ерекше мән берген. Оның ішінде жаңа медициналық нысандар салуға, медициналық ұйымдардың жоғары технологиялық құралдармен жабдықталуына, медицина кадрларының жетіспеушілігін төмендетуге, сонымен қатар медициналық нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастыруды мақсат етті. Бүгінгі бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партияның облыстық және қалалық филиалдары жанындағы партиялық бақылау комиссиясы өкілдері, облыстық, қалалық мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелерімен бірге облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізді.
Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ірге тасы 1989 жылы қаланған. Ауысымына 400 адаммен жұмыс жасайды. 185 төсекке лайықталған. Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен 40 жылға жуық күрделі жөндеу көрмеген ғимарат қайта түлеуде.
Мониторинг барысында құрылыс сапасына ерекше мән берген партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов мердігерлерге азаматтардың тиісті ем алуына қолайлылығы бірінші кезекте болу қажеттігін атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер сырқаттанып келген халыққа ең бірінші керегі, сапалы ем мен жайлы мүмкіндік. Халық сұранысына сай жағдайдың болуына «AMANAT» партиясы және аймақ басшысы да үлкен көңіл бөліп отыр. Денсаулық саласына бөлініп жатқан қаржы көлемі де ауқымды. Сондықтан бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, құрылыс сапасы дұрыс болуы керек. Бұл осында қызмет жасайтын дәрігерлер мен ем алушыларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік», - деді Алмасбек Есмханов.
Ауруханаға жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының бүгінгі күні 85 пайыздан астамы аяқталған. Мердігерлер қазан айына дейін аяқтаймыз деп отыр. Аурухана болашақта халыққа сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз.
