Kyzylorda-news.kz  Төретам кенті кітапханасының "COWORKING" орталығында ел ағасы, Байқоңыр өңірлік Ауғанстан ардагерлерінің төрағасы Кенжебек Үйрековтің «Өткен күнде белгі бар» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап ауған соғысына қатысқан барлық жауынгердің құрметіне арналады.

"1979-1989 жылдар аралығында он жылға созылған сұрапыл соғыста жат жерде жанын пида етіп, жап-жас жігіттер қыршыннан қиылды. Бұл біз үшін отты жылдарда жалынды жастығы қалған барша жауынгерді, қандыкөйлек достарымызды еске алатын қасіретті де қасиетті жылдар болып, қанша уақыт өтсе де жадымызда жаңғырып тұра бермек" деп толғанады автор.

Кітап беташарының алғы сөзін жазушы Жантөре Әбдірейімов жазса, "Төретам кенті әйелдер кеңесі" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ахметкүл Аралбаева жаңа әдебиеттің оқырманы көп болсын деп, сәттілік тіледі.

Кеш аясында №85 орта мектептің оқушысы, жас ақын Еркебұлан Жалғасбаев өзінің арнауын мәнерлеп оқыса, іс-шара қонақтары марқұм болып кеткен Жантөре Әбілдаев ағамыздың жұбайы, ұстаз Жаңыл Молдабаева апайымыз, Қалдыбек Алтыруов ағамыздың інісі Қазбек Алтыруов, Төлеген Өсербаев ағамыздың бауыры Тілеген Сәрсенбаевтар толғаныстары мен естеліктерімен бөлісті.

Ардагерлер Ғани Адаев, Әбубәкір Маханов, Әскербек Жолмырзаев, Сұлтанбек Жұмабаев, Орынбек Шайманов ағаларымыз майдангер достарына деген сағыныштарын маржан сөзбен айтып берді.

Кездесуде Байқоңыр қаласы, Ақай ауылы мен Төретам кентіндегі  ақын-жазушылардың кітапханаға сыйға тартқан кітаптарынан дайындалған "Байқоңыр жыр маржандары" атты кітап көрмесін кітапханашы Айгүл Жеңісқызы таныстырса, кент клуб үйінің әншілері Бақтияр Сабырбаев, Ғазиз Сүлейменов, Рауан Ысқақовтар әннен шашу шашты.

Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: