Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толып отыр. Еске салсақ, 1978 жылдың сәуір айында Ауғанстанда мемлекеттік төңкеріс орын алып, оның соңы қарулы қақтығысқа ұласты. Бұл қасіретті соғыс тек бір елдің шеңберінде ғана емес, сырт мемлекеттердің араласуымен ұзақ жылдарға созылған ауыр тарихи кезең болды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстан аумағына енгізіліп, он жылға жуық уақыт бойы ұрыс қимылдары жүргізілді. Осы ауыр сын сағатта Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңға жуық азамат аттанды. Өкінішке қарай, солардың 924-і сұрапыл соғыста қаза тапты, ал 21 жауынгер хабар-ошарсыз кетті.

Қазалы ауданында Кеңес әскерінің қатарында жүріп, Ауған жеріндегі қақтығыста қаза тапқан азаматтарды еске алуға арналған тағылымды шара өтті.

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов пен ауған соғысының ардагерлері және ел ағалары Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс кешенінде орналасқан Ауған соғысының ардагерлеріне арналып қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан азаматтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ рухтарына арнап құран бағыштады.

Шара барысында аудан әкімі Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері мен бейбіт жылдардағы еңбектеріне лайықты құрмет көрсету басты парыз екенін атап өтті. Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер Одағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдар Әлиев сөз сөйлеп, қарулы қақтығыс кезеңіндегі естеліктермен бөлісті.

Қазалы ауданы бойынша қан майданға 67 жауынгер қатысып, Инабатов Сәндібек және Ибраймов Қуаныш ағаларымыз майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Ал 10 жауынгер елге оралған соң қайтыс болған. Кейінгі жылдары көпшілігі туған жерден басқа қалаға қоныс аударса, бүгінде олардың 26-сы аудан өміріне етене араласып жүр.

Тағы да оқыңыз: