Kyzylorda-news.kz. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғалы жастарды қолдауға басымдық беріп, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асты. Жаман емес, нәтиже бар. Ең бастысы, бүгінде мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосамын деген жаңашыл, іскер жастардың қатары артқан. Қармақшы ауданында жастар саясатын ұтымды жүргізу бойынша атқарылған жұмыстарды саралаған Қармақшы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров осылай деді.

Қазіргі уақытта Қармақшы ауданында 53 781 адам болса, оның ішінде 14-29 жас аралығында 12 121 жасты құрайды екен. NEET санатындағы жастар қатарын азайту бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып келеді. Осы санаттағы жастарды анықтау мақсатында адрестік жұмыстар жүргізіліп, 5126 жастан сауалнама алынып, 324 жас анықталған. Оның бүгінде 170 жасымен уақытша, тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар үздіксіз жүріп жатыр. Анықталған NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастар тәжірибесі мен қоғамдық және маусымдық жұмысқа тарту, шағын гранттарға, кәсіпкерлік бағыт бойынша да қайтарымсыз гранттарға қатыстыру тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Ауылдық жердегі жастарды ауыл әкімдіктері және шаруашылық басшыларымен бірлесе отырып бірінші кезекте NEET санатындағы жастарды маусымдық немесе тұрақты жұмыстарға орналасуына жұмыс жүруде. Жұмыссыз жастарға бос жұмыс орындарына байланысты әлеуметтік желі арқылы ақпараттандырылып тұрады.

Жастардың кейбірі (11 жас) байқаусызда жасалған құқық бұзушылықтың кесірінен пробация есебінде тұр. Оларға психологиялық кеңестер беріліп, өмірге деген көзқарастарының бұзылмауы қадағаланып отырылады. Ауылдық елді мекендердегі пробация тізіміндегі жастарды сол жақтағы шаруашылықпен бірлесе отырып тұрақты жұмыстарға орналастыру бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып аптасына екі рет түнгі рейд ұйымдастырылады. Осы уақытқа дейін 56 рейд жүргізілген.

Жастардың жұмыссыздығын жою мақсатында жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмыстар атқарылып та келеді екен. Оқуын бітіріп келгендерге «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыру жүргізіледі. Жаз айларында маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасақтарына тартылады. Баспана мәселесіне келетін болсақ, «Отбасы банк» қызметкерлерін қатыстыра отырып онлайн, офлайн кеңестер берілуде.

Аудан жастар орталығының бей ресми атауы «QADAM» жастар орталығы екен. 

«Мұны жасаудағы басты себебіміз – жастардың барлық жаңа, тың, алғашқы қадамдарына осы жастар орталығы себепші болсын деген ниет. Қазіргі уақытта Qadam kenes, Qadam qamqоr, Qadam quqyq жобалары біртіндеп іске асып келеді. Qadam kenes жобасының start, Қармақшылық, qarmaq дейтін үш бағыты бар. Бұл үш бағыт бойынша да біз жастарға жанжақты кеңес беру жұмыстарын жүргіземіз. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша да әртүрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен 178 шара өткізіліп, оған 5000-нан аса жас қамтылды. Жастар қажеттіліктерін анықтау мақсатында жастардан сауалнама алу жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерге тұрақты 402 ақпарат жарияланып отыр», – дейді орталық директоры.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда ауданда бірқатар әлеуметтік жобалар жолға қойылған. Соның негізінде акция, өнер байқауы, спорт сайысы, форум, кеш, саяхат ұйымдастырылып, насихат жүргізілуде.
 

6.jpg

316051170_3443717922562454_4503522705702555110_n.jpg

Тағы да оқыңыз: