Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен өңірлерді аралап, жергілікті халықпен кездесті. Алдымен аудан басшысы Қамыстыбас ауылдық округінде болып, жаңадан сайланған ауыл әкімін елдімекен тұрғындарына таныстырды.
Еске салсақ, жексенбі күніАрал қаласы және Қамыстыбас, Қаратереңауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Аудан басшысы сайлау науқанында жоғары белсенділік танытқаны үшін ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді.
Қамыстыбас ауылдық округінде өткен сайлауда тұрғындардың 75,15% дауысымен Азат Балмырзаева жеңіп шыққан болатын.
Азат Төлебайқызы 1984 жылы Қамыстыбас елді мекенінде дүниеге келген. Білімі жоғары. 2005 жылы еңбек жолын «Торжымбай-Түрке» ЖШС-нің заңгері болып бастап, кейін мектеп мұғалімі, облыстық ғылыми-өндірістік сот сараптамасының зертханашысы, «Медет и К» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бүгінге дейін «Жансая» жеке бөбекжай-бақшасын басқарып келді.
Аудан басшысы алдағы уақытта жаңадан сайланған ауыл әкіміне дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң параметрлерге қол жеткізуді тапсырды.
Одан соң, аудан әкімі № 21 орта мектебінің жанынан бастау алған қосымша жапсаржайдың құрылыс жұмыстарының барысын саралап өтті. 100 орындық нысан келер жылғы оқу жылында пайдалануға беріледі.
Іс сапар Қаратерең ауылдық округінде жалғасты. Онда аудан басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, теңізді өлкеде атқарылып жатқан толымды тірліктерді ортаға салды. Сондай-ақ жаңадан сайланған ауылдық округ әкімін таныстырып өтті.
Саяси науқанда қаратереңдіктердің басым даусымен Берікбол Маханов ауыл әкімі болып сайланды. Берікбол Кешубайұлы 1990 жылы Қаратерең ауылдық округінде дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын Қазалы ауданы бойынша салық тексеру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2012-2015 жылдары Қаратерең ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінде қызмет атқарып келген.
Кездесуде Серік Сағитжанұлы бұған дейін ауылдық округ қызметін атқарған Серікбай Жұбайұлына өз алғысын білдіріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан әкімінің іс сапары Бөген ауылдық округінде жалғасты. Онда аудан басшысы З. Шүкіров атындағы №20 орта мектебінде ауыл тұрғындарымен кездесті.
Елді мекен тұрғындарымен кездескен аудан басшысы ауылдың инфрақұрылымын арттыруға негізделген жұмыстар жыл сайын өз жалғасын тауып жатқандығын тілге тиек етті. Алдағы уақытта да жол және өзге де әлеуметтік мәселелер кезектілігі бойынша жасала беретіндігін жеткізді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданымызда 4 мектеп салынбақ. Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының қатысуымен Арал қаласында алғашқы мектептің іргетасы қаланды. Келер жылы екіншісін бастаймыз. Алда Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерінде де осы жоба аясында 2 мектеп салынады»-деді, өз сөзінде Серік Сағитжанұлы.
Аудан әкімі жұмыс сапары барысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан Бөген және Қызылжар ауылдарындағы емхананың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңа үлгідегі заманауи денсаулық нысаны жақын күндері пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Іс сапардың соңында Ақлақ су тоспасынан қысқы су жіберу барысы бағамдалды. Қазіргі таңда су тоспасынан теңізге қарай секундына 50 текше метрден аса су түсуде.





