Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрмәнбаев аудан әкімдігінің мәжіліс залында Чернобыль атом электростанциясындағы ядролық апаттың орын алғанына 37 жыл толуына байланысты апатты жоюға қатысқан Сырдария ауданының ардагерлерін арнайы қабылдаған болатын.
Негізінен, 1986 жылы орын алған дүние жүзіндегі ең ірі радияциялық апаттың зардабын жоюға Кеңес Одағы бойынша 800 мыңдай адам қатысса, соның 32 мыңы қазақстандық азаматтар болды. Оның ішінде Сырдариялық 43 азамат 1986-1989 жылдары апат болған аумақта әскери борышын өтесе, бүгінде ауданда осынау апатты жоюға қатысқан 13 азамат бар.
Қазіргі таңда аудан көлемінде апат орнында болған ардагерлерді қолдау, әлеуметтік-сауықтыру шаралары тұрақты жүргізіліп келеді.
Кездесу барысында Чернобыль апатын жоюға қатысушы ардагерлер ұсыныс-пікірлерін айтып, ризашылықтарын жеткізді.
– Бүкіл ғаламшарды уланудан аман алып қалған, апатты жоюға қатысқан барлық жанның алдында тағзым етіп, алғысымды білдіремін. Ардагерлердің отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеп, жасаған ерлік жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталатынын жеткізгім келеді. Осыдан 37 жыл бұрын орын алған апаттың зардаптарын осы кезге дейін азаматтарымыз көріп келеді. Әрине, біз қашанда ардагерлерді құрмет тұтамыз, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
