Kyzylorda-news.kz. Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездескен болатын. Кездесу барысында аудан көлеміндегі әлеуметтік саладағы мәселелер талқыланып, елімізде жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодекстің ерекшеліктері туралы сөз қозғалды.
Сонымен қатар аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, жаңадан құрылған «Мансап» орталығында көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің жай-күйімен танысты.
Жалпы елімізде жаңадан әлеуметтік кодекс қабылданып, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енгені мәлім.
Осы Кодекс арқылы 16 заң және 100-ден астам заңға тәуелді акті жүйелендірілді. Кодекске сәйкес 2023 жылдың 1 шілдеден бастап жұмыспен қамту орталықтары таратылып, орнына «Мансап» орталықтары ашылды. Жұмыспен қамту орталығының барлық функциялары аталған «Мансап» орталығына берілді.
– Әр жыл сайын әлеуметтік салаға тың өзгерістер енгізіліп отырады. Жақында Әлеуеттік кодекс қабылданған тұста саланың құрылымы жаңаратындығын білдік. Бұрынғыша орталық қызметкерлері жергілікті тұрғындарға қызмет көрсете беретін болады. Шын мәнінде, жұмысын барысын жетілдіру, саланы жан-жақты жүйелендіру – күн тәртібінен түспейді. Жаңадан тағайындалып жатқан Еркебұлан Дәуітбекұлы аталған саланы толықтай игеріп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырады деп сенеміз. Себебі, сала басшысы аталған қызметтерді орындауда тәжірибесі мол. Аудан жастарын алғашқы жұмыс орнымен қамту бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілгені дұрыс. Жалпы, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға міндеттіміз. Алыс-жақын ауылдардан келген тұрғындар әлеуметтік мәселелерін шешуде ешқандай қиындық туындамауы тиіс. Бұл ретте, азаматтарды кәсіптік оқытудан өткізу арқылы қызметке тұруына ықпал еткен дұрыс. Әрине, түсінеміз алғаш басталған жұмысқа сыншы көп. Сала мамандарының жұмысына сәттілік тілейміз, – деді аудан басшысы.
Жаңадан құрылған «Мансап» орталығы мемлекеттік гранттар (400 АЕК), ұрпақтар келісім шарты, алғашқы жұмыс орны, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жұмыс орындары, қолайлы бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік оқыту, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, микрокредит беру бойынша консультациялар, атаулы әлеуметтік көмек жобаларын жүзеге асыратын болады.
