Kyzylorda-news.kz. Әне-міне дегенше биылғы оқу жылы да өз мәресіне жетті. Соңғы қоңыраудың үні естіліп, барша оқушылар жазғы демалысына шықты. Сабақ деп сергелдеңге түскен жасөспірімдер үшін кітап оқып, жора-жолдастармен асыр салып ойнау үшін таптырмас уақыт болып табылады. Алайда, кей бүлдіршіндер аталған мүмкіндікті жөнді пайдалана алмай, уақытының көп бөлігін босқа кетіріп жатыр. Күні бойы электронды гаджетке телміріп, уақытын текке өткізген балаларды аңғарып жүрміз.
Елімізде жасөспірімдер арасындағы ауқымды аталмыш мәселені шешу үшін, жазғы демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу мақсатында көптеген лагерлер маусымның алғашқы күнінен өз жұмыстарын бастап кетті. Сырдария ауданында балалардың игілігі үшін «Жалын» сауықтыру лагері жұмыс істейді.
Аудан басшысы Берік Сәрменбаев лагерде болып, бүлдіршіндерге көрсетілетін қызмет сапасына баға берді. Лагерді аралау барысында сала басшыларына мейлінше балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру керек екенін тілге тие кетті. Айта кететін жәйт, биылғы жазғы маусымда «Жалын» лагерінде 681 оқушы, 6 маусымда демалмақ. Өз кезегінде лагерь меңгерушісі Мира Момбаева тынығу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Негізінен, сауықтыру орталығы 1988 жылдан бастап оқушылар игілігі үшін қызмет етеді. Мәдени әрі спорттық шаралар ұйымдастырылып, балалардың ментальді денсаулығы үшін барлық жағдай жасалған.