Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай Қазалы ауданы әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге аудандағы тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Сұрапыл соғыс жылдарында тылда тынымсыз еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Ел басына күн туған қиын кезеңде белі бекіп, буыны қатпай жатып еңбек майданына араласқан аға буынның ерлігі мен төзімі – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Аудан басшысы алдымен Әйтеке би кентінде тұратын 90 жастағы тыл ардагері Қаным Құрманбаева мен Ұлы Отан соғысының ардагері Шамша Бисембаевтың жары, тыл ардагері Қанымкүл Оспанованың шаңырағына барып, мерекелік лебізін жеткізді. Сондай-ақ Жалаңтөс батыр ауылындағы тыл және еңбек ардагері Дәуіт Сайын ақсақал мен Қазалы қаласында тұратын ардагер Мәлік ақсақалға да арнайы сәлем беріп, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан әкімі тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіс жолындағы ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Майдан даласында жаумен арпалысқан жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек дайындап, күн-түн демей еңбек еткен тыл ардагерлерінің қажырлы еңбегі – бейбіт өмірдің берік негізі екенін атап өтті.
Ел ағаларының өнегелі ғұмыры, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі мен ел бірлігін сақтаудағы ақыл-парасаты ерекше құрметке лайық екені жеткізді. Ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың ақ батасы мен тілегі – елдің берекесі мен ырысының бастауы екені айтты.
Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.
