Kyzylorda-news.kz. Әр аптаның жұма күні Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев тұрғындардың жеке мәселесі бойынша қабылдау өткізеді. 

Бұл аптада тұрғындар денсаулық сақтау, білім мен тұрғын үй және жұмыссыздық мәселесі бойынша өтініштерін жеткізді.
Аудан әкімі кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға жазылған азаматтар мәселелерін жеткізді.

– Аудан әкімінің тұрғындарды мәселелері бойынша жеке қабылдауы өтетіні туралы ақпарат алғаннан кейін мен де өз мәселемді аудан басшысына тікелей жеткізуді жөн деп шештім. Қабылдауға алдын ала жазылып, арнайы келген жайым бар. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының басым бөлігі көгілдір отынға қол жеткізіп, игілігін көріп отырған жайы бар. Бірақ тұрмыстың төмендігіне орай маған бұл мүмкін болмай тұр. Көмір тасып, от жағу күн суықта тіпті қиынның қиыны. Осы мәселені аудан басшысына жеткізіп, қолдау сұрай келдім. Аудан әкімі өз кезегінде бұл сұрақтың шешімін тауып, көмек қолын созатынын айтты. Қуанышымда шек жоқ. Құдай қаласа, мен де биылғы қысты еш уайымсыз күтетін болдым. Ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген балаларыма Алла береке берсін, – дейді аудан тұрғыны Роза Байтөреева.

Өз кезегінде аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы тиісті сала басшыларына айтылған мәселе бойынша шешу тетігін қарастырып, оның орындалуына нақты тапсырмалар жүктеді.

Тағы да оқыңыз: