Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық жастар ресурстық орталығы мен Бесарық ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Бесарық ауылында «Жастар. Еңбек. Нәтиже» атты Сырдария ауданы жастарының екі күндік еңбек лагері өтті.
Жастардың талабы мен сұранысына сай ұйымдастырылған іс-шарада еңбек пен шыдамдылықты ұштастырған аудан жастарының жаңа қырынан танылуына бірегей мүмкіндіктер берілді. Еңбек лагері жастарға қызықты өмірлік тәжірибе жинаумен қатар, ұмыт болған ұлттық құндылықтарды ұлықтауды, еңбек адамдарының тынымсыз еңбегіне алғаусыз алғыс айтуды үйретті. Жарқын жобада жастар өкілдері еңбек адамы, шаруашылық майталманы егінші Бейбіт Белгібаевпен кездесіп, еңбек жолына, жетістіктеріне тоқталды.
Сонымен қатар қатысушылар ауылдың тыныс-тіршілігі, тарихы және шаруашылықтың жұмыстарымен танысып, «Серке тарту», «Қой көтеру», «Күбі пісу», «Сиыр сауу», «Арқан тартыс», «Ләңгі тебу», «Қыз қуу», «Ұршық иіру», «Ат ерттеу», «Қамыр жаю» секілді бірқатар салт-дәстүрлерден сайысқа түсіп, бақтарын сынады. Жеңімпаздар аудан әкімінің, аудандық жастар ресурстық орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
Еңбек лагерінің қорытындысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан жастарымен арнайы кездесіп, өзекті мәселелер мен жастарды толғандырған тақырыптар ортаға салынды. Кездесуге «Абай-Дәулет» ЖШС-нің директоры, «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» Мұрат Сәрсенбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы қатысып, тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып, сөз сөйледі. Сондай-ақ еңбек ардагері Е.Әлжіков бірлік туын биік ұстаған белсенді жастардың бастамасына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Қызықты да, тәрбиелік мәні зор іс-шара соңында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Н.Абдрасилов бастаған аудан жастары өз өнерлерін ортаға салып, барша қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.