Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов «Үздік педагог – 2022» республикалық байқауының жеңімпазы, ұлағатты ұстаз, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің мұғалімі Салтанат Қосжанова мен оқушылар арасында өткен республикалық «Ақберен» өнер байқауының жүлдегері, №122 орта мектептің 9 сынып оқушысы Шадыман Теміршеқызын қабылдап, құрмет көрсетті. Басқосуда аудан басшысы өңір мақтаныштарын салада жеткен жетістіктерімен құттықтап, ұлағатты ұстаздың бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі жұмысына, талантты оқушының талабына сәттілік тіледі.

«Салтанат Орынтайқызының жетістігі дер кезінде бағаланып, республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Бұл байқауға еліміз бойынша 5 500-ден астам ұстаз қатысқан. Оның ішінен озып шығу, аймақтың мерейін үстем ету үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ең тәтті жеңіс – аудандық жарыста жеткен жеңісің. Бұнда тек жетекшің мен ата-анаң ғана сенім артады. Онан кейін сен облыстық сайысқа барасың. Мұндайда жауапкершілік еселенеді. Себебі арқаңда тұтас бір ауданның сенімі тұр. Ал мұнан кейін республикалық жарыс тағы бар. Онда жауапкершілік мүлде күшейеді. Неге? Себебі аймақтың халқы саған сенім артып отыр. Міне, Салтанат Қосжанова бұл баспалдақтың бәрінен сүрінбей өтіп, 5 500-ден астам ұстаздың арасынан дара шығып, аймақ абыройын асқақтатты. Салада білікті педагогтардың арасынан жерлесіміздің биік тұғырға көтерілгеніне біз қуаныштымыз. Сізге шығармашылық табыс тілейміз. Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын. Жеңісті жолыңыз әріптестеріңізге жұғысты болсын. Шадыман Теміршеқызының да республикалық өнер байқауында жеткен жеңісі үлкен жауапкершілік пен ізденістің арқасында келгенін біз жақсы білеміз. Бұл байқаудан үшінші орын алу да үлкен жетістік. Жалағаш топырағы қашанда жас таланттарға кенде болмаған. Алдыңғы буынның ізін жалғап, осындай жетістікке жеткен Шадыман Теміршеқызын да жеңісімен құттықтаймын. Әлі алар асуыңыз алда. Ұстаздарыңыздың бағыт бағдарымен талай жарыста биіктен көрінетініңізге біз сенеміз», – деді Асқарбек Есжанов.

Жиында Асқарбек Есжанов ұлағатты ұстаз Салтанат Қосжанованы аудан әкімінің Құттықтауымен марапаттап, Тараз қаласындағы «Меркі» шипажайына жолдама табыс етті. Сондай-ақ республикалық «Ақберен» өнер байқауының жеңімпазы Шадыман Теміршеқызын да аудан әкімінің Құттықтау хатымен марапаттап, Алматы қаласындағы «Тау-Жанашар» лагеріне жолдама табыстады.

Келелі жиында дарынды оқушының ұстаздары мен жетекшілері де марапаттан құр қалмады. №122 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шұғыла Серікбайқызы мен «Адырна» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдәулетов аудан әкімінің алғысымен марапатталды.

Мұнан кейін аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева аудан мақтаныштарын жеткен жетістігімен құттықтаса, «Адырна» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдәулетов көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, аудан руханиятын көтеруге аянбай еңбек ететінін жеткізді.
 

47.jpg46.jpg45.jpg

Тағы да оқыңыз: