Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жаңақорған ауданы әкімінің кезекті сапары үш ауылға бағытталды. Яғни, Қожамберді, Төменарық және Сүттіқұдық ауылына жолы түсті.

Аудан әкімі алдымен Қожамберді тұрғындарымен кездесті. Сайлау науқанында белсенділік танытқан барша жаңақорғандықтарға алғыс білдірді. Бұл ауылда осыдан үш ай бұрын көтерілген мәселенің бірі – жайылымдық жер. Осы мәселе бойынша аудан басшысы бұл тығырықтан шығудың жолын ұсынды. Келер жылы қызылға, яғни құмға өндіріс орындарының қолдауымен скважина қаздырып, төрт түлікті сонда жіберу.

Сондай-ақ, ауылдағы ағайын ауыз су мәселесіне алаңдаулы екен.

«Бұл мәселе біздің құзырымызда емес. Өйткені, қаржы республикалық бюджеттен келеді. Бірақ, қуантарлығы келер жылға қаржы қаралды, бұйырса ауыз су жүргізіліп, толық іске қосылса, жөндеусіз қалған көшелер асфальттанады. Сәл сабыр сақтап күте тұруға тура келеді», – деді аудан басшысы.

Аудандағы халық санынан үздік үштікті құрайтын ауылдың бірі Төменарық. Келер жылы бұл ауылда қос қуаныш орын алады. Бірінші, қаншама жылдан бері күткен аурухана құрылысы басталғалы тұр.

Аудан басшысының айтуынша,  негізі бұл құрылыстың іргетасы 2024 жылдың бюджетіне ысырылған, алайда, келер жылға қосылатын болыпты. Сондықтан алдағы жылы Төменарық аймағы күткен аурухана құрылысы басталмақ.

Екінші жағымды жаңалық көгілдір отынның келуі. 2023 жылдың соңына дейін төменарықтықтар газға қосылатын болады.

«Жаңақорғанда газ мәселесін шешу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Келер жылы бұйырса Төменарықпен қатар, Жайылма, Шалқия, Құттықожа және Кейден ауылына газ құбырын тарту бойынша жұмыс басталады. Бұйыртып жатса келер жылдың соңы немесе 2024 жылы Төменарық зонасындағы ауылдар мен дарияның арғы бетіндегі 5 ауылға газ тарту құрылысы басталады. Барлығы уақыттың еншісінде, ең бастысы, жобамыз толық мақұлданды. Биылдың өзінде екі ауылға газ келіп тұр», – деді аудан әкімі.

Соңғы мәселе, ауылдан үстінен өтетін “Семей-Қызылорда” пойызының тоқтауы. Бұл да әкімнің тікелей назарына алынды.

Ал Сүттіқұдық тұрғындары көшелердің жарығы мен асфальт және электр желілерінің нашарлығына шағымдануда.

«Әр ауылдың әкімі жаңашыл, ізденімпаз болуы тиіс. Қазіргі қоғамда бұғып қалуға болмайды. Ауылға керекті жоба болса, оның заңдылығы мен тиімділігін сараптап, қолдауға дайынбыз. Сондықтан, бар мәселені ауданға ысырып тастамай, ауыл әкімі де жұмыс жасау керек. Белсенді болыңыздар, мен кез келген бастаманы қолдауға дайынмын. Бұйырса келер жылы әр ауыл келбетінің гүлденуіне қомақты қаржы беріледі, соны тиімді пайдаланып, ауыл келбетін ажарландырып қою керексіздер. Ол үшін бүгіннен ауыл ақсақалдары мен қауымдастықпен ақылдаса отырып, іске кірісу керек», – деп межені айқындады.

317085689_3306483382933335_1370807466492178290_n.jpg

317070845_3306483432933330_6243010110467702735_n.jpg

Тағы да оқыңыз: