Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Президентінің "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" №826 жарлығына сәйкес бүгін Сырдария ауданының әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлының кент және ауылдық округі халқымен кездесуі Н.Ілиясов және Шаған ауылдарында жалғасын тапқан болатын. Кездесуге облыстық мәслихаттың депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Азамат Оспанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Еспенбетов, дербес бөлім мен коммуналдық сала басшылары қатысты.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев аймақ бойынша жаңалықтармен бөлісіп, Сырдария ауданында атқарылған жұмыстар жөнінде көпшілікке баяндады.
Айта кетейік, ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 405 млн. теңгеге Нағи Ілиясов ауылындағы амбулатория құрылысы жүргізілетін болса, Шаған ауылының 2 көшесінің ауыз су құбырларын ауыстыру, Шаған ауылын орталықпен қосатын облыстық маңызы бар Шымкент-Самара-Тереңөзек трасса жөндеуден өтуде. Шаған ауылындағы өзекті мәселе электр желілерін ауыстыру жұмыстары да тиісті деңгейде жүргізілуде. Нағи Ілиясов пен Шаған ауылдарын газдандыру мақсатында демеушілердің қолдауымен жұмыстар жасалуда.
Аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы аталған елді мекен тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті жауаптар берді.
Бірнеше күннен бері ауданға қарасты елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп келемін. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері орынды. Барлық мәселелерді басты назарымызға аламыз. Жыл көлемінде жоспарланған жобаларды кезең-кезеңімен шешуге атсалысамыз. Ұстанған бағытымыздан таймаймыз, – деді аудан әкімі.
Әрбір елді мекендегі халықтың мәселесін шешу аудан әкімдігінің күн тәртібінен түспейді.