Kyzylorda-news.kz Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандардың жауапты өкілдерімен кездесті.
Алдымен қалада халықтың әлеуметтік осыл тобына жататын тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда ауданда 2 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімі жұмысты көзбен көріп, құрылыс нысанының басында жауапты тұлғалармен жүздесіп, тиісті тапсырма жүктеді.
– Жұмысты әлі де жанданыдру қажет. Жылы күздің басында сылақ, әрлеу сынды жұмыстарды үлгерту маңызды. Бізде талап біреу ғана. Халық пайдаланатын үйлердің сапасында мін болмау керек. Әсіресе ғимараттың беріктігі маңызды. Сондықтан жұмысты мұқият әрі сапалы түрде жүргізуді талап етеміз, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Өткен жылдың өзінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген 2,2 млрд. теңгеге салынған 150 пәтерге жыл басында тұрғындар қоныстанды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Ағымдағы жылы 60 пәтер сатып алуға 900 млн. теңге қаражат қаралды.
Аудан әкімі кезекті нысан Арал теңізі вокзалына аялдап, құрылыс нысанының басында жауапты тұлғалармен кездесті.
Бұған дейін Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі темір жол вокзалдарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланғанмен алдын-ала жобалау барысында, аталған ғимараттардың тым ескі болуымен байланысты, іргетасынан бастап, қабырға тіректерінің әбден тозығы жетуі салдарынан, инженерлік-техникалық тұрғыда күрделі жөндеуден өткізуді тиімсіз деп есептелді.
Осыған орай, жергілікті атқарушы орган мен «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ бірлесе отырып, жобалаушы мердігер мекемемен тиімді шаралар қабылдауға жұмыстар жасалды. Нәтижесінде аталған ғимараттар апатты деп танылып, жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылды.
Қазіргі таңда, Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі ескі темір жол вокзалдарын бұзып, жаңа ғимараттар құрылысын жүргізілуде. Бүгінде қаладғы темір жол бекетінің ірге тасын құю жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС мекемесі бастап кетті. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалауға беріледі деп күтілуде.
Аудан әкімі нысан басында құрылыс жұмыстарына куә болып, игі істі қолға алаған азаматтардың жұмысына сәттілік тіледі.
Қазіргі таңда аудандағы жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимараты ескіруіне байланысты жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары да жүргізілуде. Қаржысы 2 млрд. 300 млн. теңге болатын жаңа нысанның құрылысын «Иман» ЖШС мекемесі жүргізуде. Мердігер мекеме өкілі Ә.Тұрсынбаевтың айтуынша ғимарат жыл соңына дейін толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі. Бүгінде сыртқы абаттандыру жұмыстары мен қабырғаларын қалау, төменгі қабат бөлігінің терезелерін салу және ішкі жұмыстары жүрігізіліп жатыр.
Аудан әкімі жауаптылармен кездесу барысында негізгі жұмысты бәсеңдетуге жол бермеу керектігін жеткізді.
Қаржысы 2 млрд. 23 млн. теңге болатын аурухан жанынан салынып жатқан жапсаржайдың бүгінде сыртқы жұмыстары аяқталған. Ішкі әрлеу және еденін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жапсаржай құрылысын «СМП Қызылорда» ЖШС мекемесі қолға алған. Мердігер мекеме өкілінің сөзінше ғимарат алдағы жыл соңына дейін толықтай аяқталуы тиіс.
«Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында қолға алынға қосымша жапсаржайда 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелері болады. Сонымен қатар МРТ және ангиограф қондырғылары орнатылатын болады.
Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі